Полицейлер жолаушыларын «ұйықтатып жүрген» такси жүргізушілерін ұстады

23 Сәуір 2019, 13:30
1906
Бөлісу:
Полицейлер жолаушыларын «ұйықтатып жүрген» такси жүргізушілерін ұстады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы қаласының үш тұрғыны, такси жүргізушісі атын жамылып, өз жолаушыларына темекі шегуді ұсынған. Ерекше темекіні шеккен жолаушылардың ес түссіз күйін пайдаланып, күдіктілер қылмыстық әрекетін іске асырған. Бұл туралы Алматы қаласы ПД баспасөз қызметі мәлімдеді.

Такси жүргізушілері ретінде түнгі клубтардың жанын торауылдап жүрген 3 ер адам өздерінің қылмыстық ниетін жүзеге асыру мақсатында клубтың масайып қалған қонақтарын сыртта күтіп отырған. Күдіктілер - 1985 жылы туған А. есімді азамат, 1982 жылы туған С. есімді азамат және 1997 жылы туған К. есімді азамат, бір схема бойынша «жұмыс істеп келген».

«Түнгі клубтан мас күйінде кеш уақытта шыққан адамдарға күдіктілер жеке көліктерімен жеткізіп салу қызметін ұсынған. Жолда «клиентті» әңгімеге тартып, ештеңеден хабарсыз жолаушыға күдіктілер темекі тартуды ұсынады. Темекіні тартқан жолаушылар ес түссіз қалпында, адам жоқ жерге жеткізіледі. Бұл жерде күдіктілер өз пиғылын іске асырып, жәбірленушінің дәрменсіз ахуалын пайдаланып, қалталарын ақтарып, құнды заттарын қолды еткен. Содан кейін олар «ұйықтап жатқан клиентті» сол жерде қалдырып, өз беттерімен кеткен», - деді ПД басшысы Болат Тотыбаев.

Жедел-іздестіру шараларын жүргізу барысында күдіктілердің жеке тұлғалары анықталды. Олар құрықталып, Алматы қаласы ПД-ның уақытша ұстау изоляторына қамалды. ҚР Қылмыстық кодексінің 191-бабы – қарақшылық бойынша сотқа дейінгі алдын ала тергеу шеңберінде тергеу амалдары жүргізілуде.
 

Өзгелердің жаңалығы