Бас жаңалықтар
Полицейлер 49 шетел азаматын әкімшілік жауапкершілікке тартты
26 Сәуiр 2019, 21:47 814

Полицейлер 49 шетел азаматын әкімшілік жауапкершілікке тартты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 23-25 сәуір аралығында Көліктегі полиция департаментінің және оның желілік бөліністерінде республикалық «Құқықтық тәртіп» жедел-алдын алу іс-шарасы өткізілді, деп мәлімдейді Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Барлығы 49 қылмыс пен құқықбұзушылық тіркелді, олардың тәуліктік кезекшілік ішінде ашылғаны 34 (69,4%).

«Қабылданған жедел-іздестіру іс-шараларымен бұрын жасалған 8 қылмыс ашылды, оның ішінде 7 ұрлық және 1-еуі алаяқтық», - деп атап өтті Департаменттің Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Жасұлан Байкенов.

Оның айтуынша осы іс-шараның үш күні ішінде Көліктегі полиция департаментінің қызмет көрсету аумағында әртүрлі әкімшілік құқықбұзушылық жасаған 1123 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы аумағында болу ережесін бұзғаны үшін 49 шетелдік ұсталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Департамент бойынша 90 адам дактиласкопиялық есепке және 89 адам фото-бейне есепке қойылды.

Үйден тыс жерлердегі көлік объектілерінде заңды өкілдерінсіз жүрген 12 жасөспірім анықталды. Оның ішіндегі 4 жасөспірім уақытша бейімдеу орталығына орналастырылды.

«Осыған байланысты, Департаменттің қызметінің аумағында жедел алдын алу іс-шарасын өткізу аясында ювеналдық полиция инспекторларымен әуе және теміржол көліктері объектілеріне рейдтер жүргізді. Сондай-ақ жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алу, олардың құқықтық сауаттылығы мен құқықтық мәдениетін арттыру бойынша теміржол торабында орналасқан жалпы білім беретін мектептерде профилактикалық дәрістер өткізілді», - деп қорытындылады полиция полковнигі.

Ол дәріс барысында қандай да бір әкімшілік құқық бұзушылық немесе қылмыс жасалған жағдайларда Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің және Қылмыстық кодекстің баптары қолданылатындығы жөнінде оқушыларға түсіндірілгендігін айтып өтті.

Ағымдағы жылғы бірінші тоқсанда ювеналдық полиция басқармасының қызметкерлері барлығы 639 дәріс және 437 рейдтік іс-шара өткізді.

Сізден жаңалық