Полицейлер бір күнде мал ұрлығының 20-ға жуық дерегін ашты

19 Наурыз 2019, 18:06
2439
Бөлісу:
Полицейлер бір күнде мал ұрлығының 20-ға жуық дерегін ашты

Талдықорған, BAQ.KZ. «Мал ұрлығы» жедел алдын алу іс-шарасы барысында Алматы облысының тәртіп сақшылары өзгенің малына қол салудың 19 дерегін әшкереледі. Бұл туралы Алматы облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Бір күн ішінде Ақсу ауданында мал ұрлығына қатысты алты қылмыс ашылса, Қарасай ауданында 4 деректің мән-жайы анықталды. Ал, Еңбекшіқазақ ауданында үш және Жамбыл ауданында екі қылмысқа қатысы бар күдіктілер ұсталды. Ескелді, Көксу, Панфилов және Сарқан аудандарының полицейлері мал ұрлағандардың жолын кесіп, бір қылмыстан әшкереледі.

«Мал ұрлығының 6 дерегі ашылды. Қолды болған 6 ірі қара мен 11 жылқыны заңды иелеріне қайтардық. Аталған деректер бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қылмыстарға қатысы бар күдіктілер уақытша қамауға алынды. Олардың бұдан өзге қылмыстарға қатысы анықталуда», - дейді Ақсу ауданы Полиция бөлімінің бастығы полиция подполковнигі Ә. Байзолда.

Сонымен қатар, Еңбекшіқазақ ауданында ұрылар үптеп кеткен 25 ұсақ мал иесіне қайтарылған. Өзге ұрлық деректері бойынша да қолды болған малдар қайтарылған немесе олардың материалдық шығындары өтелген.

«Мал ұрлығы» жедел алдын алу іс-шарасы Алматы облысының аумағында 12 сәуірге дейін жалғасады. Мал ұрлығының алдын алу мақсатында тәртіп сақшылары барлық базарларда, мал сою және ет сату орындарында рейдтер ұйымдастырады. Барлық автожолдарда блокпосттар қойылып, мал және ет өнімдерін тасымалдаушы көліктер жіті тексеріліп жатыр. Қабылданған шаралар нәтижесінде алты күн ішінде облыста мал ұрлығының 42 дерегі ашылды» - дейді полицейлер.

Сонымен қатар, 750-ге жуық автокөліктің құжаты тексеріліп, құжатсыз мал тасымалдаудың 86 фактісі анықталды.

Өзгелердің жаңалығы