Полиция қызметкері мас жүргізушіні тоқтату кезінде зардап шекті

3 Желтоқсан 2021, 10:06
913
Бөлісу:
Полиция қызметкері мас жүргізушіні тоқтату кезінде зардап шекті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Полиция қызметкері өз өмірін қауіпке тігіп, ауыр жүк көлігінің мас халдегі жүргізушісін тоқтату үшін кабинаға секіріп мінген, деп хабарлады елордалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Қошқарбаев көшесінің бойында Нұр-Сұлтан қалалық ПД Мамандандырылған патрульдік полиция батальонының қызмет аға инспекторы полиция капитаны Архат Рақышев қызмет атқару барысында «Howo» маркалы жүк автокөлігінің жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзып, апатты жағдай туғызғанын байқайды. Автокөлік жүргізушісі полиция қызметкерінің заңды талаптарына бағынбай, қозғалысын жалғастырады.

Полиция қызметкері жағдайды дереу бағалап, көп тонна бетон артылған жүк көлігінің жүргізушісі де қалыпты жағдайда еместігін түсініп, заңды талаптарға жауап бермей, азаматтардың өміріне қауіп төндіріп көлік ағыны тығыз қала орталығында болуы мүмкін жол көлік оқиғаларын болдырмау мақсатында көлікті тоқтату туралы шешім қабылдайды. Полицей радиостанса арқылы орналасқан жерін көрсетіп, қосымша көмек сұрайды. Содан кейін полицей қарсылық көрсеткен жүргізушінің жүк көлігінің кабинасына секіріп мінеді, - делінген хабарламада.
Соның салдарынан полиция қызметкері жол бойына құлап кетеді. Полицейлер жүк көлігінің жолын жауып тоқтатып, күдіктіні ұстады. Ұсталған жүргізушіден алкогольдің өткір иісі шығып тұрады, тәртіп бұзушы медициналық куәландыруға жіберіліп, нәтижесінде ауырлығы орташа дәрежедегі алкогольдік масаң күйде болғаны анықталды.

Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті Нұр-Сұлтан қалалық ПД Уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізілуде. Жүк автокөлігі коммуналдық тұраққа қойылды.

Ал ішкі істер органдарында 2015 жылдан бастап қызмет атқарып келе жатқан 29 жастағы полиция капитаны Архат Рақышев ауыр халде ауруханаға жеткізілді. Қазіргі уақытта дәрігерлер полицейдің өмірі үшін күресуде.

Өзгелердің жаңалығы