Pfizer-ді балаларға егу науқаны қалай жүргізіледі?  ДСМ жауап берді
12 Қараша 2021, 18:42 153

Pfizer-ді балаларға егу науқаны қалай жүргізіледі? ДСМ жауап берді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Pfizer вакцинасын салардың алдында бала денсаулығы қаншалықты тексеріледі? ПТР-сынамасын тапсыра ма? Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният жауап берді.


Pfizer екпесін салар алдында дәрігер, жалпы тәжірибелі маман немесе педиатр екпе алатын балаға медициналық тексеру жүргізеді, - деді ол сөз басында.
Сондай-ақ Ажар Ғиният мектеп оқушыларына екпе салдыру тек ата-ананың келісімімен ғана жүзеге асатынын мәлім етті.

Баланың шағымы, эпиданамнез, қан қысымы, дене қызуы және т.б. тексеріледі. Балада қарсы көрсетілім болмаған жағдайда ғана дәрігермен екпеге рұқсат беріледі. Егер баланың шағымы мен қосымша тексерілуге клиникалық көрсетілім болған жағдайда, бейінді мамандарға жолдама беріледі. Медициналық тексеру барысында балада коронавирус инфекциясының клиникалық белгілері немесе эпиданамнез болмаса, екпе алдында ПТР-тестін тапсыру қажет емес, - деді ол.
Вице-министрдің сөзінше, вакцинация жүргізу алдында егілетін әрбір адамды медицина қызметкері қарап, тексерістен өткізеді.

Бұл қағида жасөпірімдерді КВИ-ге қарсы егу алдында да жүргізілуі тиіс.

Медициналық қызметкер педиатр немесе жалпы практика дәрігері жасөспірімді қарап, арнайы сауалнама бойынша қандай қарсы көрсетілім бар екендігін анықтайды. Адамның қандай жанама немесе ілеспе диагноздар бойынша диспансерлік есепте тұратынын, аллергиялық статусын анықтап, егу алдындағы денсаулық жағдайын бағалайды, - деді ол.

Сонымен қатар, вице-министрдің айтуынша, екпе науқаны мектептерде өткізіледі.


Мамандар міндетті түрде егілетін адамның дене қызуын, қан қысымын, сатурациясын өлшейді. Ауытқулар байқалған жағдайда қосымша зертханалық-инструменталдық зерттеуге жолданады. Егу алдында КВИ-ді анықтау мақсатында ПТР сынамасын тапсырудың қажеттілігі жоқ, - деді Денсаулық сақтау вице-министрі.



Фото: ашық дереккөз
Загрузка...