Қазақстандық делегация «Petrotech-2019» конференциясына қатысты

11 Ақпан 2019, 19:09
1843
Бөлісу:
Қазақстандық делегация «Petrotech-2019» конференциясына қатысты

Астана, BAQ.KZ тілшісі. 9-11 ақпан аралығында Нью-Дели қаласында «Petrotech-2019» халықаралық конференциясына қатысу үшін, сондай-ақ, екіжақты сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі дамыту мақсатында Энергетика министрі Қанат Бозымбаев бастаған қазақстандық делегацияның Үндістанға сапары өтуде.

Бұл туралы СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров брифинг барысында айтты.

«Энергетика министрі Қанат Бозымбаев бастаған қазақстандық делегацияның Үндістанға сапар шекті. Қазақстан делегациясының құрамына сондай-ақ Сыртқы істер министрінің орынбасары Ермек Көшербаев кіреді. Сапар барысында Қазақстан делегациясы Үндістанның Мұнай және табиғи газ министрі Дхармендра Прадханмен, сондай-ақ «ONGC» ең ірі мұнай және газ корпорациясының басшылығымен кездесулер жоспарлануда. Оған қоса, сапар шеңберінде Сыртқы істер министрінің орынбасары Ермек Көшербаев Үндістан Сыртқы істер министрінің орынбасары Гитеш Сармамен, Үндістан импорттаушылар сауда палатасының президенті, сондай-ақ Қазақстанмен ынтымақтастыққа қызығушылық танытып отырған Үндістан бизнес-қоғамдастығының бірқатар компанияларымен кездесулері өтті», - деді ресми өкіл.

СІМ баспасөз қызметінің басшысы Қазақстан мен Үндістан арасындағы сауда-экономикалық байланыстың цифрлары мен негізгі инвестициялау бағыттарын атап өтті.

«Үндістан Қазақстанның маңызды саяси және сауда-экономикалық әріптесі екенін атап өткіміз келеді. 2018 жылдың 11 айында Үндістанмен екіжақты сауда көлемі 1 млрд. 80 млн. АҚШ долларын құрады, оның ішінде Қазақстаннан экспорт 860 млн. долларға, ал Үндістаннан импорт 223 млн. долларға жетті. Сонымен бірге, 2017 жылдың қорытындысы бойынша екіжақты сауда көлемі 945,7 млн. долл. құраған болатын. 2005-2017 жылдар кезеңінде Қазақстан экономикасына тікелей инвестициялардың көлемі 271 млн. АҚШ долларын құрады. Үндістанның инвестициялары негізінен энергетика, қаржы және фармацевтика салаларына бағытталған», - деді ол.

Сондай-ақ, Айбек Смадияров елімізде қызмет етіп жатқан үндістандық компанияларға тоқталды.

«Қазіргі таңда, елімізде үнді капиталы бар 560-қа жуық заңды тұлғалар, филиалдар және өкілдіктер тіркелген. Соңғы жылдары «SB «PNB» «Siva Swathi Textiles» және «Sava Health Care» сияқты компаниялар Қазақстанда табысты жұмыс атқаруда. Жалпы алғанда, бұл сапардың нәтижелері еліміздің экономикалық мүдделерін одан әрі дамытуға, соның ішінде отандық өнімдерді Үндістан нарығына экспорттауға және үнді инвестицияларын тартуға қосымша серпін беретініне үміттенеміз», - деп қорытындылады ресми өкіл.

Сонымен қатар, СІМ баспасөз қызметінің басшысы  «Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияны ратификациялау туралы» заңды Түрікменстан ратификациялағанын хабарлаған болатын.

Рахиля Бекназарқызы
Өзгелердің жаңалығы