Петропавлға кіреберіске үш блокпост қойылды

6 Қаңтар 2022, 22:45
805
Бөлісу:
Петропавлға кіреберіске үш блокпост қойылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Петропавлдың айналасына кіреберіске үш блокпост қойылды, Солтүстік Қазақстан облысы шекараларында бақылау-өткізу режимі енгізілді, деп хабарлады ҚазАқпарат.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, полиция қызметкерлері ерекше режимде жұмыс істеп жатыр. Облыс орталығының айналасына блокпосттар қойылды. Бұл жерде тәртіп сақшылары Петропавлға бара жатқан көліктерді тексеріп барып өткізіп жатыр. Тағы осындай екі бекет периметр бойынша қойылған. 

Аудандарда, әзірге, мұндай қатаң бақылау жоқ. Десек те облысқа кіріп-шығу шектетілді. Қоғамдық тәртіпті, халықтың тұрмыс-тіршілігін қамтамасыз ететін аса маңызды мемлекеттік стратегиялық объектілердің күзеті күшейтілді. Қала сыртындағы жолдарда патрульдік полиция батальонының қызметкерлері жұмыс істеп жатыр.

Облыс шекараларында бақылау-өткізу режимі аясында полицейлер адамдардан жеке басты куәландыратын құжатты талап етіп, жеке заттарын, көлік құралдарын тексеріп қана өткізіп жатыр.

Петропавл мен СҚО аумағына халықтың тіршілігін қамтамасыз ететін ұйымдардың қызметкерлері, медициналық көрсетілім бойынша емдеу мекемелеріне баратын немесе одан шыққан және стационарда емделудегі адамдар, транзиттік жүк көліктері, жұмыс орнынан анықтама көрсеткен кезде жұмыс орнына баратын адамдардың көлігі, тұрғылықты жеріне баратын адамдар өте алады, - делінген хабарламада.

Өзгелердің жаңалығы