Петропавлдық оқушы тамақ сапасын анықтайтын биоиндикатор ойлап тапты

25 Ақпан 2020, 22:33
2072
Бөлісу:
Петропавлдық оқушы тамақ сапасын анықтайтын биоиндикатор ойлап тапты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Петропавлда мектеп оқушысы тағамның сапасын анықтайтын индикатор ойлап тапты. Ол осы тақырыпты зерттеуіне туысының бүлінген тағамды қолданып, сырқаттанып қалуы себеп болған. 

Қазақстанда мұндай биоиндикатордың баламасы жоқ көрінеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Нәби Ғали Петропавлдағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы. Ол қазір дүкен сөрелеріндегі тағамдардың мерзімі өтіп кетпегенін анықтау қиын екенін айтады. Кезінде 78 жастағы әжесі білместікпен бұзылған сүтті қолданып, төсек тартып қалыпты. Ал бұл индикатор арқылы сүт пен еттің сапасын оп-оңай анықтауға болатындығын айтты.

Менің ойымша бұл жоба ересек адамдар үшін немесе бүлдіршіндер үшін тиімді болып есептеледі. Себебі, дүкен сөрелерінде қаптаманың сыртында жазылған сақтау мерзімдері өте кішкентай шрифтімен жазылады. Және де бұл сандарды көру үшін мысалы үлкен кісілер үшін оңайға соқпайды. Ал индикатор арқылы түс өзгерісін қарап, сүттің бүлінгенін немесе бүлінбегенін біз аңғара аламыз, - деді Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы Нәби Ғали.

Нәби ғылыми жобамен айналысу барысында ғаламатор мен әдебиеттерден көп ізденгенін айтады. Яғни, биоиндикаторға қажет пигментті табуға біраз уақыт кеткен. Айлар бойы жүргізген тәжірибелер мен зерттеулерден кейін нәтижеге қол жеткіздім дейді. Тағамның құрамы бүлінген болса көк түсті сұйықтық күлгін түске өзгереді екен.

Бұл индикаторды жасау үшін антоциан деген пигмент керек. Яғни, осы индикаторды жасау үшін антоцианы бар көкеністер қажет. Содан көкеністің құрамындағы осы пигментті бөліп алу арқылы индикаторды жасауға болады. Жоғарыда айтып кеткендей бұл индикаторды жасауға шамамен 20-30 минут кетеді, - деді Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы Нәби Ғали.
Оқушыға ғылыми жобамен айналысуға биология пәнінің мұғалімі жетекшілік еткен. Әлемде бұл биоиндикатордың баламасы болғанмен Қазақстанда әлі жоқ. Яғни, бұл алғашқысы.
Нәбиге ғылыми жұмыспен айналысқым келеді, қандай да бір идеяңыз бар ма дегесін осы ұсынысты жасадым. Осындай идея бар, сен жассың, интернет ғаламторды іздеп көр дедім. Принципін түсіндірдім. Азық-түлік өнімдеріне қолдануға болатындай болсын, ертеңіне қандай да бір прикладной саласы болсын дедім. Ғылыми жұмыс қазіргі кезде бұрынғыдай фундаментальді ғылымнан емес дәл қолданысқа келетін ашылған жаңалық болуы керек дедім, - деді Назарбаев зияткерлік мектебі биология пәнінің мұғалімі Садат Демеубаев.
Жас ғалымның айтуынша, биоиндикаторды қолдануға жарамды ету үшін оны ыңғайлы қаптамаға енгізу қажет. Дегенмен сұйықтықтың адам ағзасына зияны жоқ дейді. Алдағы мақсат - жобаны толығымен аяқтап, ашқан жаңалығын патенттеп алу. Болашақта биоиндикаторды сүт өндіруші зауыттарға ұсынғысы келеді.
Өзгелердің жаңалығы