Петропавлдық ерікті домбыра мектебін ашты

20 Ақпан 2020, 10:28
4271
Бөлісу:
Петропавлдық ерікті домбыра мектебін ашты
Фото: автордан

Солтүстік Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Петропавл қаласының тұрғыны Бәйімбет Құбайдолла жастарға арналған "Шабыт" домбыра мектебін ашты. Кәсіби музыкант тегін дәріс береді. Ерікті болашақта үйірмеге қатысушылар арасында күйтартыс сайысын ұйымдастырмақ.

Арнайы курсқа 20-дан астам адам жазылыпты. Ер азаматтар мен қыздар қос топқа бөлінген. Сабақ аптасына екі рет өтеді. М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-нің 1-курс студенті Биболсын Шаймардан "Шабыт" мектебіне алғашқы болып келгендердің бірі.

Алматы қаласынан арнайы тапсырыспен музыкалық аспапты да сатып алған. Бойжеткен бала кезден домбыра күмбірін естісе, ерекше сезімге бөленетінін айтады. Ұлттық өнерді тегін меңгеруге мүмкіндік туғанына қуанышты.

IMG_4709.JPG

Әкемнің домбыра шерткенін тыңдап өстім. Сондықтан аздап хабарым бар. Үйірме басталғалы келіп жүрмін. Үлгерімім жақсы. Өзім осы аспапқа қатты қызығамын. Сондықтан оны меңгеріп алсам деген мақсатым бар. Біреу күй тартып жатса, жан дүниемде ерекше сезім пайда болады. Қос ішектің сыңғыры мені баурап алады. Бұл – күйдің құдіреті, қуаты. Әкемнің шерткен домбырасын мен де меңгерсем деген ой мазалай беретін. Соның сәті түскеніне қуаныштымын, - дейді Биболсын Шаймардан.

IMG_4738.JPG

Үйірмеге 17 мен 40 жас аралығындағы азаматтар қатысады. Петропавл қаласындағы кәсіпкерлердің бірі ғимараттан жайлы да жарық кабинет берген. Сабақтардың уақыты да көпшілік жұмыстан босаған кезде, ыңғайлы уақытқа қойылған.

Қыздар мен жігіттер тобына сабақты екі түрлі әдістеме бойынша үйретіп жатырмын. Тәжірибе ретінде. Келешекте тиімдісін аламыз. Келіп жатқан жастардың зейіні жақсы. Болашақта тағы да домбыра аспабын үйрететін мұғалімдерді жаныма алып, топтардың санын көбейтсек деген ойымыз бар. Өзгелерге сабақ бере жүріп, өзімнің де үйренерім көп. Бұған дейін топппен жұмыс істеп көрген жоқпын. Жеке сабақ қана беретінмін. Қазір топқа дәріс беруге тура келеді. Сол арқылы тәжірибе жинап жүрмін, - дейді Бәйімбет Құбайдолла.

IMG_4715.JPG

Жас маман Қызылжар халқының көзайымына айналған СҚО филармониясының "Сегіз сері" атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің музыканты. Одан бөлек С.Шәймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияда музыка пәнінен сабақ береді.

IMG_4744.JPG

Сан ғасырлар бойы атадан бабаға мұра болып жалғасып келе жатқан домбыраны насихаттау мақсатында тегін курс ашуға да уақыт тапқан.

IMG_4721.JPG

Бастапқыда курсқа қатысушыларға оң қол мен сол қолды қою, отырыс, қағыс сынды қарапайым дүниелерді үйретіп аламын. Оқушылар 2 айда кем дегенде 4-5 күй үйренсе, бұрынғы дәстүр бойынша күйтартыс ұйымдастырмақ ойым бар. Өйткені ұлтымыздың бұл өнері кенжелеп қалды. Тіпті ұмытылып бара жатыр. Бастапқыда қарапайым күйлер мен әндерді домбыраға салуды меңгерсек, әрі қарай күй атасы - Құрманғазы бабамыздың шығармаларын меңгеруге болады, - дейді музыкант.

IMG_4705.JPG

Бәйімбет Құбайдолла – Дарынды балаларға арналған музыкалық мектептің түлегі. 13 жасынан бері 100-ге тарта күй меңгерген. Білгенін, көкейге түйгенін шәкірттеріне үйретпек.

Домбыраны интернеттегі бейнесабақтардан да үйренуге болады. Бірақ виртуалды әлемдегі мұғалімге сұрақтарыңды қоя алмайсың. Айтқанын ғана қабылдап отырасың. Мұғаліміміз бәрін ұғынықты етіп айтып береді. Үйірмеге қатысқысы келетін құрбыларым баршылық. Тек орын саны толып қалды, - дейді Кенжегүл Қуандық.

IMG_4711.JPG

Ерікті аптасына 8 сағатын "Шабыт" үйірмесіне шығындайды. Есесіне ұлттық өнерді ұлықтап, көпшіліктің алғысына бөленіп жүр.


Алдыңғы жаңалық
Тест
Өзгелердің жаңалығы