Петропавлда спорт клубы жаңа спортзал құрылысын аяқтай алмады

15 Тамыз 2020, 03:28
1268
Бөлісу:
Петропавлда спорт клубы жаңа спортзал құрылысын аяқтай алмады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Петропавлда ботаникалық бақ пен балаларға арналған спорт клубының арасында дау туды. Оған клубтың бақ маңынан көктемде жаңа спортзалының құрылысын бастағаны себеп.

"Астана" телеарнасы жаңа құрылысқа ботаникалық бақтың басшылары қарсылық білдіргенін, соның салдарынан жұмыстың жарты жолда тоқтағанын хабарлады.

Біз бұл жердегі ескі үйлерді өз қаражатымызға сатып алып, сүріп тастадық. Кейін әкімдіктен барлық рұқсат қағаздарын алып, спортзал құрылысын бастадық. 180 миллион теңгеге материал сатып алып, ғимараттың қаңқасын құрдық. Бірақ, көрші тұрған ботаникалық бақ бұл құрылысқа қарсы болып шықты, - дейді спорт клубы директолрының орынбасары Степан Притула.

Ал мемлекеттік ботаникалық бақ өкілдері өсімдіктерінің келешегіне алаңдаған. Олар спортзал биіктеген сайын жасыл желекке күн түспей қалады деп қауіптенеді.

Біз Нұр-Сұлтан және Омбы қалаларынан мамандарды шақыртып, күн сәулесінің инсоляциясын жасаттық. Сараптама қорытындысына сәйкес, қараша айынан бастап көктем мезгіліне дейін бұл спортзалдың көлеңкесі біздің өсімдіктердің орта беліне дейін түсіп тұрады. Күн сәулесінің тапшылығынан пальма сынды бірегей өсімдіктер болашақта өліп қалуы мүмкін. Осы мәселеге қатысты Президент әкімшілігіне және құрылыс комитетіне арыз жаздық. Бұл ғимаратты бұзып, басқа жерде салу керек деген талап қойып отырмыз, - дейді ботаникалық бақтың жетекшісі Артур Рязапов.

Ботаникалық бақ өкілдерінің арызынан кейін әкімдік құрылысты тоқтатқан. Бірақ, олар оранжереяға көлеңке түседі деп емес, өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталмай отырғанын айтты. Алайда, клуб өкілдері СҚО Мемлекеттік сәулет-құрылыс және лицензиялау басқармасының ол талабымен келісер емес. Олар енді прокуратура мен жемқорлыққа қарсы агенттікке арызданып, әкімдікпен соттаспақ.

Өзгелердің жаңалығы