Петропавлда полицейлер көшедегі қаңғыбастардың үсіп қалмауын қадағалауда

29 Қаңтар 2019, 20:17
2483
Бөлісу:
Петропавлда полицейлер көшедегі қаңғыбастардың үсіп қалмауын қадағалауда

Солтүстік Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Петропавлда аяздың күшеюіне байланысты тұрғылықты баспанасы жоқ жандарға арналған түнеу бекеттерінің жұмысы күшейтілді. Үй-күйсіз жүрген азаматтардың суықта үсіп қалмауын қадағалау мақсатында тәртіп сақшылары олар көп шоғырланатын жерлерді тексеруді үдетті.

Тұрғылықты мекен-жайы жоқ жандар жылу құбырларын паналауды әдетке айналдырған. Көп жағдайда қаңғыбастар мас күйде далада жатып қалады. Сондықтан полицейлер олардың барлығын жинап, қабылдап-тарату орнына және тұрғылықты мекен-жайы жоқ тұлғаларға арналған түнеу бекетіне жеткізеді. Петропавл қаласының Жұмысшы кентінде орналасқан мекеме 50 адамға шақталған. Тәулік бойы полиция қызметкері кезекшілік етеді. Медициналық көмек көрсетіліп, «Қызыл жарты ай қоғамы» филиалы және басқа да еріктілер ұйымдарының күшімен ыстық тамақ беріледі.

«Тағдырдың тәлкегімен қазір ашық аспан астында күнелтіп жүрміз. Полиция қызметкерлері бізді осында алып келді. Мында жылы, бізді жинап алып, тамақ береді», - дейді тұрғылықты мекен-жайы жоқ жандардың бірі.

Аяз күшейгелі полиция қызметкерлері рейдтік шараларды күнде өткізеді. Түнеу пунктінен бөлек, қаңғыбастар қалалық полиция басқармасының қабылдап-тарату орнына жеткізіледі. Мұнда келген соң олар криминалистикалық, жедел-анықтамалық және ішкі істер органдарының басқа да есептеріне қойылады. Өткен жылы қабылдап-тарату орнының қызметкерлері 69 қылмыстың бетін ашты.

«Жыл басынан бері қабылдап-тарату орнына 188 адам жеткізілді. Олардың 22-сі біздің мекемеге орналастырылды. Сондай-ақ, аязды күндері қабылдап-тарату орнының қызметкерлері Жұмысшы кентіндегі түнеу пунктіне күн сайын 15-20 адам жеткізеді. Жылдың басынан түнеу орнында 973 адамға көмек көрсетілді», - дейді Петропавл қалалық ПБ Жергілікті полиция қызметі бөлімі тұрғылықты мекенжайы жоқ тұлғаларға арналған қабылдап-тарату орны бастығының орынбасары Павел Ющенко.

Эльмира Кәленова

Өзгелердің жаңалығы