Бас жаңалықтар
Петропавл полицейлері борышкерлерден 13 миллион теңге өндірді
26 Ақпан 2019, 21:27 268

Петропавл полицейлері борышкерлерден 13 миллион теңге өндірді

Петропавл, BAQ.KZ тілшісі. Солтүстік Қазақстан полицейлері «Борышкер» алдын-алу шарасын өткізді. Үш күнде қарызын өтеуден жалтарып жүрген азаматтардан 13 миллион теңге өндірілді.

Арнайы операцияға 300-ге тарта полиция қызметкері мен 80 автотехника жұмылдырылды. Оның ішінде «Жол приставы» арнайы қондырғысы да бар. Тәртіп сақшылары мен жеке сот орындаушылары төленбеген әкімшілік айыппұлдары бар жүргізушілерді анықтау мақсатында жол үстіндегі көліктерге мониторинг жүргізді. Сондай-ақ борышкерлердің ұялы телефодарына SMS-хабарлама жолданып, автоматты түрде қоңырау шалу қызметі іске қосылды.


Рейд барысында тоқтатылған көліктердің бірінің жүргізушісі бірнеше әкімшілік борышын өтеуден жалтарып жүрген азамат қолға түсті. Нәтижесінде Volkswagen Jetta маркілі автомашинасы айып тұрағына жеткізілді. Заң бойынша иесі өз мүлкін қарызын өтегеннен кейін ғана ала алады.

СҚО Полиция департаменті бөлім бастығының орынбасары Индира Ақпанбетованың айтуынша, «Борышкер» операциясының басты мақсаты – қоғамдық тәтіпті қамтамасыз етіп, жол-көлік оқиғаларының алдын алу.

«Алдыл алу шарасының әр күнінде әкімшілік полицияның 80 қызметкері, 200 полиция қызметкері жолға шықты. Күн сайын ауқымды жұмыс атқарылды. Нәтижесінде 1 546 адамнан 13 миллион теңге өндірілді. Осының өзі жүргізушілердің қарызын дер кезінде төлеп, жол қозғалысының ережесін сақтауға баулиды», - дейді Индира Ақпанбетова.

Борышкерлер өз айыппұлдарын Egov.kz электрондық үкімет порталының көмегімен онлайн режимде немесе 12 екінші деңгейлі банк бөлімшелерінде өтей алады. Әр азамат қаланың ірі сауда орталықтарында орнатылған терминадар арқылы борышы бар-жоғын анықтау құқығына ие.

Эльмира Кәленова

Фото СҚО ПД баспасөз қызметі

Сізден жаңалық