Петропавл полицейлерін «телефон лаңкесі» дүрліктірді

13 Наурыз 2019, 20:33
2434
Бөлісу:
Петропавл полицейлерін «телефон лаңкесі» дүрліктірді

Солтүстік Қазақстан, BAQ.KZ тілшісі. Петропавлда «102» телефон номіріне белгісіз тұлға хабарласып, қаланың орталығы Қазақстан Конституциясы көшесінде жарылғаш зат орнатылғаны, бомба таңғы сағат 6-да жарылатыны жайында хабар берген. Түні бойы аталған аймақта жұмыс істеген арнайы мамандар жарылғыш затты таппады. Ақпарат жалған болып шықты.

СҚО Полиция департаментінің Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы мен Петропавл қалалық Полиция басқармасының криминалдық полиция бөлімінің бірлесіп жүргізген іс-қимылдарының нәтижесінде күдікті анықталды. Ол бірнеше мәрте істі болған Петропавл қаласының 1975 жылы туған тұрғыны болып шықты.

Қоғамдық қауіпсіздікке жауапты барлық қызметтерді аяғынан тік тұрғызған «телефон лаңкесі» өзінің оғаш қылығы үшін 5 жылға бас бостандығынан айрылуы мүмкін. Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің «Терроризм актiсi туралы көрiнеу жалған хабарлау» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді.

«Бұл биыл тіркелген алғашқы факті. Анықталғандай, күдікті бұл әрекетін мас күйде жасаған. Өткен жылы Солтүстік Қазақстан облысында жалған терроризм фактісі бойынша 10 қылмыстық іс тіркелді. Олардың екеуі бойынша әлі де тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қалғандары сотқа тапсырылды. Үш «телефон лаңкесі» бас бостандығынан айырылды. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, осындай жағдайлардың болуына көбіне маскүнемдік мен психиканың ауытқуы себеп болады», - дейді СҚО ПД Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы полиция майоры Руслан Мұхамбетжанов.

Эльмира Кәленова

Өзгелердің жаңалығы