ЕуроОдақтың Орталық Азия жөніндегі арнайы өкілі Астанаға келеді

19 Ақпан 2019, 08:15
1543
Бөлісу:
ЕуроОдақтың Орталық Азия жөніндегі арнайы өкілі Астанаға келеді

Aстана, BAQ.KZ тілшісі. 21-22 ақпанда Еуропалық Одақтың Орталық Азия жөніндегі Арнайы өкілі Петер Буриан Астанаға сапармен келеді. 

Бұл туралы СІМ баспасөз хатшысы Айбек Смадияров мәлімдеді.

"Сапар барысында Петер Бурианның еліміздің Сыртқы істер министрлігі, сондай-ақ Парламент Сенаты мен Мәжіліс басшылығымен екіжақты кездесулері жоспарлануда. Келіссөздердің негізгі тақырыбы тараптар үшін сыртқы саяси басымдықтардың бірі болып табылатын Қазақстан, Орталық Азия және Еуропалық Одақ арасындағы байланыстарды одан әрі дамыту және нығайту болмақ. Белгілі болғандай, жақын арада өз күшіне толық енуі тиіс Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы Келісім тараптар арасындағы байланыстардың басым бағыттарының бірі болып табылады", - деді баспасөз хатшысы.

Бұл келісім Қазақстан мен Еуропалық Одақ елдері арасында қарым-қатынастардың жаңа парағын ашады және Келісімде көзделген өзара әрекеттесудің 29 саласы бойынша ынтымақтастықтың көкжиегін кеңейтеді. Бүгінгі күні Еуропалық Одаққа мүше 28 мемлекеттің 25-і бұл Келісімді ратификациялаған болатын. 

"Тек Италия, Нидерланд және Кипр тараптарынан құжаттың ратификациялануын күтудеміз", - деп толықтырды Смадияров.

Сонымен қатар, Айбек Смадияров 22 ақпанда Мәскеуде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер басшыларының орынбасарлары деңгейінде Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің кезекті отырысы өтетінін хабарлады. Қазақстандық делегацияны Премьер-министрдің бірінші орынбасары Асқар Мамин басқарады.

"Аталған отырыста Еуразиялық экономикалық одағы шеңберінде интеграциялық ынтымақтастықтың өзекті мәселелері қарастырылады. Соның ішінде, Еуразиялық экономикалық одағы аясында интеграциялық жобалар перспективаларына, Одақтың Сербиямен Еркін сауда туралы келісім жасасу туралы келіссөздерге, Одақ және Қытай кедендік шекаралары арқылы тасымалданатын тауарлар мен халықаралық көлік құралдары туралы ақпарат алмасу туралы Келісім жобасына ерекше назар аударылатын болады", - деді ресми өкіл.

Жалпы, Кеңес отырысының күн тәртібіне 22 мәселе кіреді, оның 8-і шағын құрамда қаралуы жоспарлануда.


Рахиля БЕКНАЗАРҚЫЗЫ

Өзгелердің жаңалығы