Бас жаңалықтар
Педагогтік әдеп жөніндегі кеңес: 1 балабақша, 3 мектеп басшысына тәртіптік шара қолданылды
17 Мамыр 2021, 17:23 291

Педагогтік әдеп жөніндегі кеңес: 1 балабақша, 3 мектеп басшысына тәртіптік шара қолданылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Бағым Көптілеуова «Педагог мәртебесі туралы» Заң нормаларының іске асырылуы» тақырыбында өткен брифингте айтты.

Қалалық кеңеске егер педагогтен жазбаша өтініш (шағым) түссе, онда тікелей сол білім беру ұйымына барып кезектен тыс отырыс ұйымдастырамыз. Оған білім беру ұйымының әкімшілігі, Педагогтік әдеп жөніндегі кеңесі, шағымда көтерілген мәселеге қатысы бар педагогтер қатысады. Олар мәселені жан-жақты талқылап, шешім шығарады, - деді ол.

Егер шағымда көтерілген мәселе педагогке қатысты болса, онда сол білім беру ұйымының басшысына хаттамамен ұсыныс беріледі.

Ал егер шағымда көтерілген факті білім беру ұйымының басшысына байланысты болса, онда білім басқармасына хаттамамен ұсыныс жасалады.

Мониторинг нәтижесінде 2021 жылдың төрт айында қалалық кеңестің берген ұсынысы негізінде білім басқармасының шешімімен 1 балабақша, 3 мектеп басшысына тәртіптік шара қолданылды. Сондай-ақ өтініште көрсетілген тағы 3 факті нақты дәлелденбеді, - деп түсіндірді Бағым Көптілеуова.

Оның сөзінше, қалалық кеңеске түскен шағымдарға жүргізілген мониторинг нәтижесінде көптеген педагог пен білім ұйымдары басшыларының өздеріне заңмен кепілдік берілген әлеуметтік қорғалу мен құқықтық сауаттылыққа аса мән берілмейтінін көрсетті.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...