Педагогтар мен кәсіподақ ұйымдары алдыңғы шептегі дәрігерлерге көмек көрсетуде

9 Шілде 2020, 11:17
1694
Бөлісу:
Педагогтар мен кәсіподақ ұйымдары алдыңғы шептегі дәрігерлерге көмек көрсетуде
Фото: автордан

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңіріндегі екі колледж ұжымы провизорлық госпитальде еңбектеніп жүрген медицина қызметкерлеріне қолдау көрсету мақсатында түскі және кешкі ас әзірлеуге кірісті. Басты мақсат - карантин кезінде дәрігерлерді дәруменге бай тамақпен қамту.

Ыстық тамақ арнайы оқу орындарының асханаларында әзірленуде. Қайырымдылық акциясын қолдағандардың қатарында Павлодар музыкалық колледжі, Тамақтану және сервис колледжінің ұжымы бар. Оқытушылар қауымы еңбек демалысында болса да, медицина қызметкерлеріне қамқор болуды ұйғарыпты. Азық-түлікпен қамтуды педагогика және спорт қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымдары қолға алған.

1112.PNG

Біз үйде отыра алмадық. Бүгін оқытушыларымыз келіп, 25 адамға түскі ас әзірледік. Мамандарымыз таңғы сегізден жиналып, дәмді үй асын пісірді. Біз бір апталық ас мәзірін дайындадық. Дәрігерлеріміздің жұмыстары аса ауыр, дұрыс тамақтануы керек. Мәзірге дәруменге бай азық-түліктер, жеміс-жидектерді қостық. Музыкалық колледж ұжымы әрдайым көмекке келуге әзір, - дейді музыкалық колледждің директоры Серік Сыздықов.
Тамақтану және сервис колледжінің ұжымы кешкі ас әзірлеумен айналысады. Жалпы, оқытушылар дайындаған ас "Баянтау" спорт кешенінің жанынан ашылған триаж-орталықта жұмыс істеп жүрген медицина қызметкерлеріне жеткізілді.

Провизорлық госпитальде 100-ден астам дәрігер, мебике мен санитарлар қызмет атқаруда. Оларға көмекке спорт сарайының жұмыскерлері де келген.

1110.PNG

"Баянтау" спорт кешенінде емдеу мекемесі 250 төсекке шақталған. Таңертең 180 науқас болса, ауысымдық тәулікте тағы 95 пациентті қабылдадық. Бүгінде жағдай тұрақталып келеді. Провизорлық орталық тәулік бойы жұмыс істейді, - дейді госпиталь меңгерушісі Даният Байдәулетов.
Қазіргі уақытта қайырымдылық шараны Қазақстан халқы Ассамблеясы, кәсіподақ ұйымдары мен өзге де ұжымдар қолдауда.

Өзгелердің жаңалығы