Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) құрбандық сатып алуға тапсырыс берген оқиғасы бар

28 Шілде 2020, 12:26
2416
Бөлісу:
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) құрбандық сатып алуға тапсырыс берген оқиғасы бар

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Шариғат бойынша бір адам өзінің атынан басқа бір адамды белгілі бір іске уәкіл ете алады. 

Бұл туралы ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі басшысының орынбасары Хасан Аманқұл айтты.

Оның айтуынша, адам баласы кейбір жағдайларда бір істі орындауға жарамай қалуы мүмкін. Сонда біреудің көмегіне жүгінеді, яғни, сол істі оған тапсырады, оны өзінің атынан уәкіл етеді.  

Бұған Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) Хаким ибн Хизамға құрбандық сатып алуға тапсырыс берген оқиғасы дәлел. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Хаким ибн Хизамға бір динар беріп, оны құрбандық малын сатып алуға жібереді. Әлгі сахаба бір динарға құрбандық малын сатып алады. Сосын оны екі динарға сатып жібереді. Сөйтіп, қайтады да, бір динарға құрбандық малын сатып алады. Артық бір динарды Пайғамбарымызға (с.ғ.с) әкеп береді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) әлгі бір динарды садақа етеді де, сахабаның саудасына береке тілейді (Әбу Дәуіт). Сондықтан, құрбандықты үйінен шықпай біреу арқылы орындауға  да болады, – дейді Хасан Аманқұл.

Яғни, құрбан шалуға ниет еткен адам өзіне бір сенімді адамды уәкіл етіп таңдайды және оған құрбандықтың ақшасын беріп, малды сатып алуды, бауыздауды, етін бөлшектеп таратуды тапсыра алады. 

Шариғатта бұл қарым-қатынасты "уакалат" деп атайды. Бүгінгі карантин жағдайында көпшіліктің осы тәсілмен құрбан шалуы тиімді әрі қолайлы. Құрбандыққа тапсырыс беру, оны тіркеу, керекті мәліметтер және хабарламалармен бөлісу онлайн түрінде жүріп жатқаны үшін ол «онлайн-құрбандық» деп те аталуда, – дейді Шариғат және пәтуа бөлімі басшысының орынбасары Хасан Аманқұл.
Өзгелердің жаңалығы