Павлодар облысына бөлінген екпенің 54%-ы халыққа салынды

16 Маусым 2021, 14:18
1312
Бөлісу:
Павлодар облысына бөлінген екпенің 54%-ы халыққа салынды

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінде эпидемиологиялық жағдай тұрақталып келеді. Мамандардың пайымдауынша, бұл - екпе салудың нәтижесі. 

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Айгүл Мұқұшеваның айтуынша, аймақта екпе салу үрдісі рет-ретімен жүргізіліп жатыр. 

Облыста коронавирустық инфекцияның таралуына байланысты эпиджағдай тұрақты. Соңғы тәулікте 43 жаңа жағдай тіркелді. 

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 97 114 павлодарлық вакцинаның алғашқы компонентін қабылдады. Ал екінші компонентін 58 мыңнан астам тұрғын алды. 

Халықтың 60%-ын екпемен қамтамасыз ететін болсақ, ұжымдық иммунитет қалыптасатыны белгілі. Мәселен, Израильде тұрғындар вакциналаумен толық қамтылып, қауіпсіздік шаралары қатаң сақталды. Нәтижесінде стационарларда ем қабылдап жатқандар қалмады. Бұл - біз үшін үлгі. Екпе алуда халықтың белсенділігі қажет, - дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Айгүл Мұқұшева.

Бүгінгі күні халыққа вакцинаның төрт түрі қолжетімді. Облыс жасыл аймаққа енген. Сала мамандарының хабарлауынша, медициналық ұйымдардың барлығы қажетті құралдармен жабдықталған. Мәселен, ауруханаларда дәрілік препараттардың 45 күндік қоры жасақталған. Облыс бойынша 285 мобильді топ жұмыс істеп жатыр. Сонымен қатар ПТР зерттеу жүргізетін алты мекеме халыққа қызмет көрсетуде. 

Өзгелердің жаңалығы