Павлодарлық іздеушілер Молдоваға аттанады

13 Шілде 2021, 13:22
1898
Бөлісу:
Павлодарлық іздеушілер Молдоваға аттанады

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінің «Майдан жолы» іздестіру жасағының мүшелері келесі естелік вахтасын Молдова Республикасында өткізеді.

Жасақ командирі Александр Шитовтың хабарлауынша, «Батырлар жолымен» халықаралық патриоттық жобасы аясында ІІ Дүниежүзілік соғыс жылдарында қаза тапқан отандастарымызды іздеу жұмыстары Молдованың Новоанненск ауданында жүргізілмек.

Біз соғыс жылдарында хабар-ошарсыз кеткен жауынгерлердің жатқан жерлерін іздейміз. Молдованы азат ету шайқастарына Қазақстан аумағында жасақталған жеті әскери құрылым қатысты. Олардың қатарындағы бес сарбаз Кеңес Одағының батыры атағына ие болды. Жоба аясында «Шерпен плацдармы» мемориалды кешенінің аумағында гранитті ескерткіш орнатылады. Себебі, дәл осы жерде Днестр өзенінің бойында стратегиялық плацдарм болған. Бұл - соғыс тарихындағы қанды шайқастардың бірі, - дейді Александр Шитов.

Айта кетейік, биыл «Майдан жолы» отрядының құрамында Молдоваға жергілікті колледждердің студенттері аттанбақ. Жас іздеушілер былтыр жасақ мүшелігіне қабылданған. Бүгінде жоба аясындағы патриоттық шараларға белсенді қатысуда.

Еске сала кетсек, «Майдан жолы» жасағы 12 жыл бұрын құрылды. Осы уақыт аралығында Ресей, Украина және Қазақстан аумағында сарбаздардың құрметіне 22 жаңа ескерткіш ашылған. Сонымен қатар хабар-ошарсыз кеткен 268 жауынгер мен офицердің жатқан жерлері табылған. Экспедициялық жұмыстар Ресейдің Псков, Ленинград, Мәскеу, Новгород, Волгоград облыстарының аумағында жүргізілген.

Өзгелердің жаңалығы