Бас жаңалықтар
Павлодарлық жүргізушілер тоңып қалған тұрғындарды үйлеріне тегін жеткізуде
06 Ақпан 2019, 14:35 939

Павлодарлық жүргізушілер тоңып қалған тұрғындарды үйлеріне тегін жеткізуде

Павлодар. BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінің жүргізушілері тоңып қалған тұрғындарды үйлеріне тегін жеткізуде. Осындай бастаманы жастар бірлестіктерінің белсенділері көтерді.

Екінші жыл қатарынан ұйымдастырылған «Қайырымды Павлодар» акцияның аясы кеңейіп келеді. Қазіргі уақытта жастардың үндеуіне көлік жүргізушілермен қатар жергілікті полиция қызметінің өкілдері де құлақ асты.

«Басты мақсатымыз халықты аязды күндері жаурап қалған азаматтардың жағдайына немқұрайлы қарамауға шақыру. Бүгінде акцияға қатысуға 100-ден астам көлік жүргізушісі ниет білдірді. Олардың қатарында жоғары оқу орындарының қызметкерлері, жастар бірлестіктерінің өкілдері және қарапайым қала тұрғындары бар. Акция облыс орталығының барлық шағын аудандарын қамтиды. Біз арнайы маршруттар әзірлеп, жүргізушілерге тараттық», - дейді жастар бастамаларын дамыту орталығының жетекшісі Төлеген Айтбаев.

Айта кетейік, «Қайырымды Павлодар» шарасының алғашқы күні 30 жүргізуші қатысты. Қазіргі уақытта олардың қатары бірнеше есе өсті. Кешкі уақытта 300-ден астам адам үйлеріне тегін жетті.

«Осы жылы облыстың автокөлік клубтары да қолдау білдірді. Автошабандоздар аязды күндері тоңып қалған адамдарға қамқорлық көрсетуде. Акция осы аптаның соңына дейін жалғасады», - дейді орталық мамандары.

Синоптиктердің болжамынша, Ертіс өңірінде алдағы бірнеше күнде ауа температурасы -45 С дейін төмендемек. Сондықтан, облыстағы әлеуметтік, тұрғын үй-коммуналдық және төтенше жағдайлар қызметтерінің барлық құрылымдары күшейтілген жұмыс режиміне көшті. Үскірік аяз салдарынан 1-11 сынып оқушылары үшін сабақтар тоқтатылды.

Аязды күндері жедел жәрдем станциясы күшейтілген жұмыс кестесіне көшті. Қазіргі уақытта 70 бригада жасақталған. Сонымен қатар, шақыртулар көбейген жағдайда қосымша бригадалар жұмысқа тартылады. Мамандардың айтуынша, соңғы тәуліктерде шақыртулар саны 800-ге жетеді. Бірнеше күн ішінде үсік шалған 10-ға жуық азамат ауруханаға жеткізілді.

 

 Ақмаржан Әділбек
Загрузка...