Бас жаңалықтар
Павлодарлықтар 1000-ға жуық мемлекеттік қызметті үйлерінде отырып алды
02 Шілде 2020, 06:35 121

Павлодарлықтар 1000-ға жуық мемлекеттік қызметті үйлерінде отырып алды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Биылғы жылдың 5 айында Азаматтарға арналған үкіметтің Павлодар облысының филиалы тұрғындардың үйіне барып, 995 мемлекеттік қызмет көрсетті, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

"Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы филиалының директоры Фархат Алимовтың айтуынша, үй-үйге барып мемлекеттік қызмет көрсету – корпорация құрылған сәттен бастап пайда болған қызмет және осы күнге дейін ол өзектілігін жоғалтқан емес. 

Азаматтардың үйлеріне барып көрсетілетін ең танымал қызметтер – паспорттар мен жеке куәліктерді беру, мүгедектерді сурдо-тифлотехникалық және міндетті гигиена құралдарымен қамтамасыз ету, мүгедектерді протездік-ортопедиялық көмекпен қамтамасыз ету үшін құжаттарын рәсімдеу, – деді Фархат Алимов. Ол сондай-ақ, Павлодар қаласы, Екібастұз және Ақсу қалаларында мобильді топтардың жиі шақырылатынын айтты.
Мемлекеттік корпорация қызметкерлері коронавирус пандемиясын ескере отырып,қызмет көрсету барысында барлық қауіпсіздік шараларын сақтайды. Барлық маман маскалармен және антисептиктермен жабдықталған. Қызмет алушылармен байланысты азайту үшін ХҚКО мамандары дәлізден ары өтпей, әлеуметтік қашықтықты сақтайды.


Мемлекеттік қызметтерді үйде отырып І және ІІ топтағы мүгедектер, 70 жастан асқан қарттар, Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектігі бар балалар ала алады. Ол үшін олардың өздері немесе қамқоршылары 1414 қысқа нөміріне қоңырау шалып, өтініш қалдыруы керек. Бұдан кейін "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының мамандары оларға хабарласып, үйлеріне барып мемлекеттік қызметті көрсету күні мен уақытын белгілейді.

Айта кету керек, "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы мүгедектерге мемлекеттік қызмет көрсету жұмысына көп көңіл бөледі. Азаматтардың үйлеріне барып мемлекеттік қызмет көрсетумен қатар, ХҚКО мамандары есту және сөйлеу қабілеті нашар адамдарға мемлекеттік қызметтерді көрсету үшін ым-ишара тілін меңгерген.




Фото: ашық дереккөз
Загрузка...