Павлодарлық палуан Италиядағы турнирде қола медаль еншіледі

28 Мамыр 2019, 09:14
1489
Бөлісу:
Павлодарлық палуан Италиядағы турнирде қола медаль еншіледі

Нұр-Сұлтан, BАQ.KZ. Италияның Сассари қаласында еркін және әйелдер күресінен Sassari City Matteo Pellicone Memorial халықаралық турнирі аяқталды. Бұл туралы pavlodarnews.kz сайты хабарлады.

Бұл туралы ҚР Ұлттық Олимпиадалық комитетінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

«Аталған халықаралық турнирде дүние жүзінің түкпір-түкпірінен келген 120 палуан сынға түсті. Қазақстандық еркін күрес шеберлері жалпы есебі 7 медаль олжалап, командалық есепте бірінші орынға шықты», - деді баспасөз қызметінде.

Ел құрамасының сапында белдескен павлодарлық Саятбек Оқасов 65 келі салмақ дәрежесінде 3-орынға табан тіреді.

Алғашқы белдесуінде Саятбек ирандық палуанмен күш сынасып 7:6 есебімен басым түсті. Ширек финалда Ресей палуаны Магомедрасул Идрисовқа қарсылас атанып, 10:0 есебімен тізе бүкті. Алайда, Саятбек Оқасов жұбаныш белдесуіне жолдама алып, АҚШ-тан келген Эндрю Гуверді 11:0 есебімен ойсырата ұтты. Ал, қола медаль үшін таласта жерлесіміз индиялық палуан Харфул Харфулды да шақ келтірмеді. Есеп – 14:3.

Айта кетейік, осыдан бір ай бұрын Саятбек Оқасов күрес түрлерінен Қытайдың Сиянь қаласында өткен Азия чемпионатында күміс жүлдегер атанған болатын.

Өзгелердің жаңалығы