Павлодарлық дихандар көктемгі дала жұмыстарына кірісті

26 Сәуір 2019, 11:24
1522
Бөлісу:
Павлодарлық дихандар көктемгі дала жұмыстарына кірісті
Фото: автордан

Павлодар. BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінің дихандары көктемгі дала жұмыстарына кірісті. Биылғы жылы егістік алқаптары 1 млн 300 мың гектарға жетпек.

Көктемгі егіс алқаптары 1,08 миллион гектарді құрайды. Бұл – былтырғы жылға қарағанда 30 мың гектарға артық көрсеткіш. Мамандардың мәліметінше, астық дақылдарының тұқымы 710 мың гектарға себілмек, ал майлы дақылдар 215 мың гектар жерде өсірілмек. Бақша өнімдері мен картоп 30 мың гектар, мал азығы шамамен 430 мың гектар жерді алмақ.

«Ауыл шаруашылығы дақылдарының алқаптарын әртараптандыру мақсатында биылғы жылы астық өнімдері, жем-шөп пен майлы дақылдардың аумағы 160 мың гектарға ұлғайды. Өңірде өсімдік шаруашылығын қолдау мақсатында 2,9 млрд теңге көлемінде субсидия бөлінді. Бұл қаражат минералды тыңайтқыштар, гербицидтер мен тұқым шаруашылығына қолдау көрсетуге бағытталды», - дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Төлеген Көшербаев.

Айта кетейік, бұған дейін ылғал тоқтату жұмыстары 155 мың гектар жерде жүргізіліп, 1000 гектардан астам жерде көпжылғы шөптер егілді.

Ведомствоның бас маманы Дамир Елеусіздің мәліметінше, көктемгі дала жұмыстарына арзандатылған жанар-жағармайдың 19 мың тоннасы бөлінді.

«Операторлық қызметті есепке алғанда дизель отынының бір тоннасы 201,5 мың теңге тұрады. Литрі – 167 теңге. Бұл – нарықтағы коммерциялық бағадан 13%-ға арзан баға. Наурыз және сәуір айларына 13 600 мың тонна бөлініп, фермерлер 8 мың тоннаға жуығын тасымалдап алды», - дейді Дамир Елеусіз.

Өзгелердің жаңалығы