Павлодарлық бас имам Құрбан айт кезінде мал бағасын өсірмеуге шақырды

7 Тамыз 2019, 22:14
1827
Бөлісу:
Павлодарлық бас имам Құрбан айт кезінде мал бағасын өсірмеуге шақырды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Павлодарда Құрбан айттың бірінші күні Айт намазынан кейін қала шетіндегі арнайы дайындалған «Құлагер» атшабарында құрбан шалу басталады. Бұл туралы pavlodarnews.kz сайтында хабарланды.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Павлодар облысындағы өкіл имамы Жолдас қажы Қоспақұлы мұсылман баласы үшін Жаратушымыз белгілеп берген екі мейрамның ұлығы - Құрбан айт күндері екенін айтты.

«Құрбан» сөзі де араб тілінен аударғанда, «жақын болу», «жақындау» мағынасын білдіреді. Олай болса, құрбандық шалу ғана емес, Алланың рақым-мейіріміне қол жеткізудің бір жолы деп түсінген абзал. Биыл тамыздың 11, 12, 13 күндері Құрбан айт мерекесі тойланады», - дейді өкіл имам.

Құрбан шалудың уақыты құрбан айттың бірінші күні айт намазынан кейін басталып, айттың үшінші күні ақшамға аз уақыт қалғанға дейін жалғасады.

Павлодар облысы бойынша барлық мешіттерде айт намазы 11 тамыз күні таңғы сағат 7:00-де оқылады.

«Айт намазынан кейін «Құлагер» атшабарында құрбан шалына бастайды. Сол жерде тұрған малдардан сатып алып шалуға да болады. Біздер ақпарат құралдары арқылы кәсіпкерлерге малдың бағасын өсірмесе екен дейміз. Оларды түсінеміз. Ауылдан әкеп сатып жатады, бірақ шариғаттың шеңберінен шықпаса екен», - дейді Жолдас Қоспақұлы.

Бас имамның айтуынша, құрбандыққа тек қана қой, ешкі, сиыр және түйе малдарын ғана шалуға болады. Елік, арқар сияқты аңдар мен тауық, қораз, қаз, үйрек сияқты құстар құрбан ретінде сойылмайды.

«Айт күнінің өзіне тән жарасымды да сауапты амалдары мол. Әр үйде сәні мен салтанаты ерекше мерекелік дастарқан жайылады. Мұсылмандар туған-туыс, дос-жаран, көрші-қолаңды аралап, бір-бірінің үйінен дәм-тұз татып, мәре-сәре болып татуласу, қуанышпен өткізу, ренжісіп қалған кісілермен татуласу, қандай да бір келіспеушіліктің салдарынан қатынас үзілген туыстардың үйлерін арнайы аралау да ерекше маңызды», - деді бас имам. 

Сонымен қатар, Жолдас қажы 11 тамыз күні қалалық саябақта сағат 14:00-ден 18:00-ге дейін мерекелік шаралар өтетінін атап өтті. Саябақта ұлттық ойындардан жарыс өкізіліп, мерекеге орай шаһардағы мешіттер палау таратпақ.

Өзгелердің жаңалығы