Бас жаңалықтар
Павлодарлық ғалымдар «Рухани жаңғыру» бағдарламасының екі жылын қорытындылады
15 Сәуiр 2019, 21:30 640

Павлодарлық ғалымдар «Рухани жаңғыру» бағдарламасының екі жылын қорытындылады

Павлодар облысы. BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінің ғалымдары «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде атқарылған жұмыстардың екі жылдық қорытындысын шығарды.

Мемлекеттік бағдарлама іске қосылғалы бері мамандар өңірдегі тас дәуірінен бастап, Орта ғасырларға тиесілі ескерткіштерді жан-жақты зерттеді. Ғалымдар қазба жұмыстарын жүргізіп, ежелгі Қазақстан тарихына тың мағлұматтарды жинақтады.

Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің жанындағы Margulan centre археологиялық-зерттеу орталығының директоры Тимур Смағұловтың айтуынша, мемлекет қолдауының арқасында ғалымдар қауымы жоспарлаған зерттеу шараларын қолға алған.

 «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру барысында қорғандар, қасиетті жерлерге жататын ескерткіштер зерделенді. Жобаларды іске асыру шеңберінде тахи имағлұматтарды алу, жүйелеу барысында жаңашыл технологияларды қолдандық. Нәтижесінде жаңа зертханаларды аштық. Тарқатып айтқанда, бұл көне технологиялардың «Ұмай» атты халықаралық зертханасы, әскери-тарихи реконструкциясының қозғалысы қалыптасты. Ата-бабалымыздың әскери өнерін бүгінгі күнге жеткізіп, жастар арасында насихаттау мақсатында «Ақинақ» клубы құрылды. 9-11 ғасырларда Ертіс өңірінде мекендеген көшпенділердің киім-кешегін зерттеуге баса назар аудардық. Мата үлгілерін зерттеп, олардың технологиясы туралы да мол мағлұмат жинақтадық. Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласы жұмысымызға серпін берді», - дейді Тимур Смағұлов.

Қазба жұмыстары нәтижесінде табылған жәдігерлер халықаралық деңгейдегі археологтардың назарына ілікті. Олардың қатарында украиналық ғалым Татьяна Крупа бар. Маман көне мата қалдықтарының жүздеген үлгісін зерттеген.

 «Қазіргі уақытта Қимақ әйелінің бас киімін зерттеп жатырмыз. Оның тігісі күрделі болғанын байқадық. Демек, бұл аймақта тігін кәсібі, сауда-саттық байланыс дамыған. Бұл бас киімді дәулетті әйел киген деген тұжырым бар. Бұдан басқа жібектен тігіліп, алтынмен жіптер қолданылған мата үлгілерін зерттедік. Бірегей артефактілер Ертіс өңірінде жібек технологиясын меңгерген шеберлер болғанының дәлелдейді», - дейді Татьяна Крупа.

 Айта кетерлігі, археологтар қасиетті орындардың тізіміне енген 60-тан астам ескерткіш бойынша кешенді зерттеу жүргізді. Мәселен, Железин ауданында «Алтынтөбе» ескерткішінен тасқұрбандық табылды. Баянауыл ауданындағы Қоңыр әулие ескерткішінің мыңжылдық тарихы бар екені анықталды. Оның жанынан қорымдар табылды.

 Саладағы тағы бір жаңалық, биылғы жылы Павлодарда жаңа музей кешені ашылады. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында табылған олжалар осы мұражайдың төрінен орын алмақ.


Фото: автордан
Загрузка...