Павлодардық металлургтер халықты сайлауға қатысуға шақырды

25 Сәуір 2019, 18:41
1957
Бөлісу:
Павлодардық металлургтер халықты сайлауға қатысуға шақырды
Фото: автордан

Павлодар. BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңіріндегі алюминий зауытының қызметкерлері қазақстандықтарды сайлауға белсенді қатысып, дұрыс таңдау жасауға шақырды.

Бүгін «Қазақстан алюминийі» АҚ-ның металлургтері Nur Otan партиясының ХІХ кезектен тыс съезінде айтылған мақсат-міндеттер мен ел президенттігіне үміткердің кандидатурасын қолдауға орайластырылған жиын өткізді.

Кәсіпорын жанындағы бастауыш партия ұйымының төрағасы Айтуар Жүсіпбаевтың айтуынша, зауыттықтар сайлауға келіп, міндетті түрде дауыс береді.

«Болашақ Президентке халық үлкен үміт артады. Себебі, ел таңдайтын азамат Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатын ұстанып, мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жолындағы мақсат-міндеттерді мүдірмей орындауы тиіс. Стратегиялық тапсырмаларды абыроймен жүзеге асырып, халықтың сенімін ақтауы керек. Сол себепті біздің дауысымыз аса маңызды», - дейді Айтуар Жүсіпбаев.

Жиын барысында зауыттың жас мамандары атынан кәсіпорын инженері Жанасыл Батходин сөз алып, әр металлург сайлауға қатысатынына сенімділік білдірді.

«Елімізде алюминий өндірісінің дамуына Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев атсалысқаны белгілі. Дұрыс бағдарланған саясаттың арқасында өңірде қанатты металл өндіретін кәсіпорын бой көтеріп, мыңдаған азамат жұмыспен қамтылды. Мен осы зауытта алты жыл еңбек етемін және бірегей өндірістің өркен жаюына атсалысып жатқанымды мақтан етемін. Осы саяси науқанға мен ғана емес, баршамыз бір адамдай қатысамыз деген сенімдемін. Себебі, біздің таңдауымызға ел болашағы тікелей байланысты», - дейді Жанасыл Батхолдан.

Айта кетейік, бүгінде алюминий зауытында 6 мыңнан астам азамат еңбек етеді.

Өзгелердің жаңалығы