Павлодардағы арнайы кітапхана елімізде үздіктердің қатарында

22 Шілде 2021, 16:08
3197
Бөлісу:
Павлодардағы арнайы кітапхана елімізде үздіктердің қатарында
Фото: автордан

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Павлодар облысындағы зағип және көзі нашар көретін азаматтарға арналған кітапхана еліміздегі үздік рухани ордалардың бірі. Бүгінде кітап оқуға құштар екі мыңнан астам ерекше оқырманы бар.

Кітапхана директоры Ләззат Қуантаеваның мәліметінше, бүгінде мекеме қорында 70 мыңға жуық оқу құралы бар. Олардың 40-мыңға жуығы көзі нашар көретін адамдарға арналған. 

Оқырмандарымыздың орташа жасы 35-тен асады. Ең үлкені 60-тан асқан азаматтар. Бүгінде ерекше жандар бір-біріне дос болып кеткен. Мүгедек жандар үшін қолайлы жағдай тудыру үшін коворкинг орталық, спорттық және шығармашылық орталық жасалған. Кез келген азамат осында келіп, қалаған ісімен айналысады. Тоқыма тоқып, шахмат, дойбы ойнауға да мүмкіндік бар. Шығармашылықпен айланысамын деушінің қолын қақпаймыз, керісінше қолдау көрсетеміз, - дейді Ләззат Қуантаева. 

Оқырмандарға арналған кітаптар аудио, Брайль қарпі бойынша жазылған және дәстүрлі форматта ұсынылады. Жарты ғасырлық тарихы бар кітапхана пандемия кезінде де жұмыс істеді. Оқырмандар ғимаратқа келіп, отыра алмаса да, қалаған кітаптарына тапсырыс беру мүмкіндігіне ие болды. Мамандар онлайн форматтағы шараларын да үзбеді. 

Осы жерге аптасына бірнеше рет келемін. Көзім нашар көреді. Әлемде және елімізде болып жатқан жаңалықтарды біліп тұру үшін газет-журнал оқимын. Кітапханада әріптерді үлкейтетін арнайы құрал бар. Сонымен қатар мамандардың жұмысына дән ризамын. Бізді қарсы алып, сыйластық танытады. Бізге ең керегі осы емес пе, - дейді кітапхананың байырғы оқырманы Еркін Баяндин. 

Мамандардың айтуынша, оқырмандардың көбі нүктелі-бедерлі әліпбиді үйренуде қиналып қалады. Сондықтан, аудио жазбадағы кітаптарға баса мән береді. Кітапханада тифлоқұралдардың көмегімен қосылатын кассеталы кітаптар өте көп. Олардың санын көбейту мақсатында үш жыл бұрын жазба студиясы ашылған. Мамандар сұранысқа ие құралдарды жазба форматына ауыстыруда.
 

Өзгелердің жаңалығы