Бас жаңалықтар
Павлодарда жылу энергиясының жетіспеушілігіне шағымдар азаяр емес
13 Ақпан 2019, 14:28 640

Павлодарда жылу энергиясының жетіспеушілігіне шағымдар азаяр емес

Павлодар. BAQ.KZ тілшісі. Облыс орталығында жылу энергиясының параметрлері бұзылған 10 проблемалы үй анықталды.

Павлодар қалалық тұрғын үй испекциясының сектор меңгерушісі Нұрлан Рашитовтың айтуынша, жылу тиісті деңгейде берілмейтін көпқабатты үйлерде 1000-ға жуық пәтер бар. Яғни, қазіргі таңда бұл үйлерде жылу парамертлері нормаға сәйкес келмейді.

«Аязды күндер басталғалы бері жылуға қатысты шағымдар түсіп жатыр. Соңғы он күн ішінде 200-ден астам шағым түсіп, тұрғындардың өтініштері бойынша көпқабатты үйлердің инженерлік желілерін тексердік. Бұл шараларға салалық мамандар да атсалысты. Нәтижесінде күрделі мәселелері бар 10 үй анықталды. Олардың жылу тарату жүйелері әбден ескірген. 40 жыл бұрын салынған нысандардың проблемалары жүйелерді күрделі жөндеуден өткізгеннен кейін шешімін табады. Олардың жылу тораптарын ауыстыру керек», - дейді Нұрлан Рашитов.

Мәселен, Усолка шағын ауданында төрт үйде жылу тиісті деңгейде емес. ПИК өкілі Евгения Шквираның айтуынша, әр үйде 300-ге жуық пәтер бар.

«Нормаға сәйкес жатын бөлмедегі температура +22 градус болуы керек. Кей пәтерлердегі температура – +15 градус. Тұрғындар шағымданып жатыр. Жылу тараты кәсіпорындары мәселені көп күттірмей шешсе дейміз», - дейді Евгения Шквира.

Жылу тарату компаниясы мамандарының мәліметінше, жауапты ұйымға 265 шағым түскен. Олардың 40-ы расталды.

«Жылу қызметі гидравликалық және температуралық режимдерді реттеу шараларын қолға алды. Сонымен қатар, биыл проблемалы тұтынушыларды жылумен дұрыс қамту үшін шаралар жоспары әзірленді. Жылу энергиясын таратудағы негізгі себептер анықталды. Басты себеп ретінде жекеменшік тұрғын үй секторындағы тұтынушылардың желілерге насостарын рұқсатсыз орнатуын атап өтуге болады. Сондай-ақ, жылу маусымына деген дайындықтың нашарлығы мен тұрғын үй секторының өз үйлерін тиісті деңгейде жылытпауы да қандай да бір проблемаларды тудырды», - дейді мамандар.

Айта кетейік, бүгінде облыс орталығында 1300-ден астам көпқабатты үй бар. 

Ақмаржан Әділбек

Фото автордікі

Загрузка...

Сізден жаңалық