Павлодарда жыл басынан төрт мың ағаш кесілді

23 Шілде 2019, 14:45
2170
Бөлісу:
Павлодарда жыл басынан төрт мың ағаш кесілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Павлодар қаласында ағаштарды санитарлық түрде кесу жалғасуда. Бұл туралы pavlodarnews.kz сайтында хабарланды.

Қалалық ТҮКШ бөлімі абаттандыру және көгалдандыру секторының бас маманы Арман Құсайынов ақпарат жеткізгендей, биыл Павлодарда 6,5 мың ағаш кесілетін болады.

«Бүгінде қаламызда төрт мыңға жуық ағашты санитарлық кесу жүзеге асырылды. Бұл жұмыстар сәуір айынан жыл соңына дейін жалғасады. Қазіргі кезде мердігерлер қала көшелері мен саябақтарында ағаштарды кесу және тал-шіліктерді формалаумен айналысуда», - дейді Арман Құсайынов.

Арман Құсайыновтың айтуынша, биыл қаламызда қураған ағаштарды санитарлық кесуге 30 миллион теңге, ал жасыл желек қорын күтіп-бағуға 40 миллион теңге қарастырылған. Ағаш кесуге жауапты «Горзеленстрой» ЖШС жалпы соманың 7,5 миллионын игерсе, «Dos pvl» ЖШС жасыл желекті күту-бағуға 20 миллион теңге жұмсап үлгерген.

Оған қоса, «Горзеленстрой» ЖШС бағдаршамдар мен жол белгілерін көруге бөгет жасайтын ағаштарды кесуге кіріскен. Арман Құсайынов атап өткендей, бұл жұмыс бүгінде Лермонтов-Ак. Бектұров, Лермонтов-Короленко, Ак. Сәтбаев-Ломов және өзге де көшелер қиылыстарында өткізілді.

Кесілген ағаш бұталарының орны жәндіктердің әсері мен түрлі аурулардан қорғау мақсатында арнайы бояумен боялады.

Өзгелердің жаңалығы