Бас жаңалықтар
Павлодарда жайылымдық жерлер шыбын-шіркейге қарсы өңделе бастады
18 Мамыр 2021, 19:05 240

Павлодарда жайылымдық жерлер шыбын-шіркейге қарсы өңделе бастады

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Павлодар облысында қансорғыш жәндіктердің таралуын азайту мақсатында Ертіс өзенінің жайылымдық жерлері өңделе бастады. 

Мамандардың айтуынша, биылғы жылы шыбын-шіркейге қарсы уланатын жер аумағы ұлғайған. Жыл сайын күрес шараларына мемлекеттік бюджеттен 600 млн теңгеден астам қаражат бөлінеді. 

Ғылыми топ өкілдерінің хабарлауынша, қазір аймақтағы су тоғандарының суы +25 градусқа жылынған. Ал шыбын-шіркей дернәсілдері дамудың үшінші сатысына көшті. Улау шаралары осы кезде басталмаса, жәндіктер қанатқа тұрып кетуі мүмкін. 


Қазір препараттармен өңдеу жұмыстары әуеден жүргізіліп жатыр. Яғни, адам аяға баспайтын аумақтар өңделуде. Биологиялық құрал АН-2 ұшағының көмегімен себіледі. Алдағы күндері тағы бір әуе көлігі әкелінеді. Арнайы ерітінді жайылымдық жерлердің 900 гектарына таралады. Бір күннің ішінде АН-2-ге биологиялық құрал құйылып, жайылымдарға шашылады, - дейді жәндіктермен күрес жөніндегі жоба жетекшісі Қайрат Байбосынов. 

Дәрнесілдерді жою бойынша жұмыстар бір ай бойы жүргізілмек. Нақтырақ айтқанда, 27 мың гектарлық жайылымдық жер өңделеді. Сонымен қатар Ертіс суына да биоерітінді құйылады. Бұл баржалық әдіс саналады. Қазір облыс орталығындағы скверлер, саябақтар мен өзге де қоғамдық орындарда улау жұмыстары қатар жүргізілуде. 

Айта кетейік, шыбын-шіркейге қарсы күрес жұмыстары бойынша мемлекеттік байқауды жеңіп алған кәсіпорын үш жылға келісімшарт бекітті. Бұл мерзімге 1,6 млрд теңге қарастырылған.


Фото: автордан
Загрузка...