Павлодарда «Жас іздестіруші» мектебі жұмысын бастады

8 Шілде 2021, 14:13
3189
Бөлісу:
Павлодарда «Жас іздестіруші» мектебі жұмысын бастады

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңіріндегі «Майдан жолы» жасағының мүшелері іздестіру қозғалысын дамыту мақсатында балаларға арналған мектеп жұмысын ұйымдастырды.

«Жас іздестіруші» мектебінің алғашқы сабағы Ертіс өзенінің жағасында ұйымдастырылды. Жоба «Мәдени волонтерлік» бағыты бойынша жүзеге асырылуда. Басты мақсат - іздестірушілер сабақтастығын жалғастыру.

Біз жас іздестірушілерге далалық қазба жұмыстары туралы ақпарат береміз. Лагерь жұмысын ұйымдастыру, шатыр құру, сонымен қатар, от жағу дағдыларын үйреттік. От жағуға үйретумен қатар, өрт қауіпсіздігі туралы да әңгімеледік. Шараларға спорттық-туристік клубтарының жетекшілерін шақырдық. Болашақ іздестірушілер жабайы табиғат аясында жұмыс істеуді білу керек. Себебі, қазба жұмыстарының барлығы далалық жағдайда өтеді. Экспедиция барысында ауа райы да өзгеруі мүмкін. Компас пен картамен жұмыс істеу әдістерін де меңгерулері шарт, - дейді «Майдан жол» жасағының командирі Александр Шитов.

Айта кетейік, «Майдан жолы» - 10 жылдан астам тарихы бар іздестірушілер жасағы. Ұлы Отан соғысы кезінде елден жырақ жерде қаза тауып, хабарсыз кеткен жауынгерлердің жатқан жерін табумен айналысып келеді. Осы уақытқа дейін жүздеген сарбаздар туралы мәлімет жинақтап, құнды деректер мен жәдігерлерді туған-туыстарына табыстаған.   

Өзгелердің жаңалығы