Павлодарда зейнеткердің әмиянын ұрлап кеткен күдікті ұсталды

1 Тамыз 2020, 21:20
1377
Бөлісу:
Павлодарда зейнеткердің әмиянын ұрлап кеткен күдікті ұсталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Полицейлер күдіктіні бейнебақылау камерасы арқылы анықтады. Бұл туралы Павлодар облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Зейнеткер әмиянының ұрланғаны туралы полицияға жүгінді. Арызданушы қала дүкендерінің бірінде заттар сатып алған кезде қысқа уақытқа әмиянын қараусыз қалдырғанын, содан кейін оның жоғалғандығын түсіндірді. Әмиянында 40 мың теңге сомасында ақшалай қаражат болған. Аталған мекенжайға жедел-тергеу тобы келді. Полицейлер жәбiрлеушiден, дүкен қызметкерлері мен куәгерлерден орын алған оқиғаның мән-жайын сұрастырды. Бейнебақылау камераларының жазбаларын қарау барысында тәртіп сақшылары 19 жастағы күдіктіні анықтап, оны ұстады және полиция бөліміне жеткізді, – деді баспасөз қызметінде.

Аталған ұрлық фактісі бойынша тергеу жүргізілуде. Зейнеткердің ақшасын қаскүнем өз қажеттіліктеріне жұмсап, әмиянын лақтырып кеткен.

pavlodarnews.kz хабарлағандай, Павлодар полицейлері тұрғындар жеке заттарын қылмыстық қол сұғушылықтан сақтау үшін бірнеше ережелерді ұстану қажет екенін еске салады.
Дүкендерде, базарларда және адамдар көп жиналатын басқа жерлерде болған кезде әмияныңызды бөтен адамдарға көрсетпеңіз. Ұялы телефондар мен әмияндарды шалбардың артқы қалталарында және басқа да қол жетімді жерлерде сақтамаңыз, сізге жақындауға тырысатын барлық күдікті адамдарға назар аударыңыз.Жәбірленуші немесе куәгер полицияға неғұрлым ертерек жүгінсе, қылмыскерді табу және ұстау, ұрланған заттарды қайтару мүмкіндігі соғұрлым жоғары болатындығын есте ұстаған жөн, – деді департаментте.

Өзгелердің жаңалығы