Павлодарда техникалық кремний өндіретін зауыт салынады

10 Шілде 2019, 07:23
1779
Бөлісу:
Павлодарда техникалық кремний өндіретін зауыт салынады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Біріккен Араб Әмірліктерінен келген инвесторлар техникалық кремний өндірісі бойынша зауыт салмақшы. Бұл туралы олар Павлодар облысының әкімі Болат Бақауовпен өткен кездесуде мәлімдеді.

Облыс әкімдігінің баспасөз қызметінен хабарлағандай, аймақ басшысының «Canarax» компаниясының өкілдерімен кезекті кездесуі «Инвесторлар үйінде» өтті. Бүгінде жобаны ұсынушылар кәсіпорынды болашақта қамтамасыз ету үшін электр желілерін жүргізуді бастамақшы.

«Кез келген инвестор үшін дәл қазір бізге де жобаның барынша жылдам жүзеге асырыла бастағаны маңызды. Бүгінде KBI Energy компаниясының жауабын күтіп отырмыз, әзірге бұл мәселе ашық күйінде қалып отыр», - деді «Canarax Dutch B.V.» компаниясының басқарма төрағасы Нитин Пхатнагар.

Зауыттың құрылысы 2020 жылға жоспарланған. Аймақ басшысы инвесторларға барынша қолдау көрсетуге уәде берді.

«Сіздердің нақты жоспарларыңыздың болуы бізді қуантуда. Болашақта жаңа кәсіпорынды шикізатпен қамтамасыз ету мәселелерін шешу мақсатында бүгінде жергілікті атқарушы органдарға кварц кенорындарын зерттеп, олардың қуаттылығын анықтау маңызды болып отыр», - деді Болат Бақауов.

Осы ретте, «Canarax Dutch B.V.» басшылығы шешілмейтін мәселе жоқ екенін атап өтті. Сонымен қатар, инвесторлар болашақта электр энергиясын алу үшін Екібастұз МАЭС-1-мен ынтымақтастық орнатуға мүдделі екенін жеткізді.



Өзгелердің жаңалығы