Павлодарда тағы бір рұқсат етілмеген қоқыс алаңы жойылды
1 Мамыр, 09:26 683

Павлодарда тағы бір рұқсат етілмеген қоқыс алаңы жойылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов Суворов зираты мен Малайсары батыр көшесіндегі 53, 55 үйлер арасындағы аумақты тазарту барысымен танысты.

Бұл туралы Павлодар облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабаралады.

Сенбілікке 1,5 мыңнан астам адам қатысты. Олардың ішінде қоғамдық ұйымдардың өкілдері, мемлекеттік қызметшілер, сондай-ақ, қаланың белсенді тұрғындары болды. Жиналған қоқысты шығару үшін алпыс арнайы техника жұмылдырылды. Нәтижесінде бір мың екі тоннадан астам қоқыс шығарылды.

Малайсары батыр көшесіндегі 53 және 55 үйлердің артындағы аумақтың көлемі шамамен 62 гектар әрі күрделі рельефті.

Облыс әкімі Әбілқайыр Сқақовтың пікірінше, болашақта бұл жерде жергілікті тұрғындардың демалыс орны ретіндегі саябақ құрылуы мүмкін. Өңір басшысы мәселені жұртшылықпен талқылауды ұсынды.

Болашақта бұл жерде саябақ салуға болады, бірақ, алдымен бұл аумақты қоқыстан тазартуымыз керек. Шығыс шағын ауданында демалыс орындары жоқ. Егер біз бұл жерде тазалық мәдениетін сіңіре алсақ, осы бағытта жұмыс істеуге болады, – деді Әбілқайыр Сқақов.

Жақын маңдағы үйлердің тұрғындары аймақ басшысына жеке гараждарға іргелес аумақты тазарту мәселесін айтты. Бұл жер де рұқсат етілмеген полигонға айналған. Әбілқайыр Сқақов бұл мәселеде көмектесуге уәде берді. Ол қаладағы тәртіп пен тазалықты сақтау әрбір тұрғынның міндеті екенін атап өтті.

Суворов зиратының айналасындағы жағдай да осыған ұқсас. Мұнда да түрлі қоқыс жиналған. Әбілқайыр Сқақов бұл аумақты екі апта ішінде тазалауды талап етті. Сондай-ақ, аймақ басшысы қала әкіміне жергілікті полиция қызметімен бірлесіп жүк көліктерінің қозғалысы мен стихиялық қоқыс алаңдарын бақылауға алуды тапсырды.

Жұмыс сапарының соңында облыс әкімі Жаңаауыл шағын ауданына барды. Қала әкімі Асайын Байхановтың айтуынша, бұрын бұл шағын ауданда қатты жабынды жолдар болмаған. Әбілқайыр Сқақов барлық жұмыстарды сапалы әрі мерзімінде орындауды тапсырды.


Фото: дереккөз
Загрузка...