Бас жаңалықтар
Павлодарда спорттық даңқ музейі ашылады
PHOTO
25 Ақпан 2021, 15:45 302

Павлодарда спорттық даңқ музейі ашылады

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңіріндегі спорттың 50 жылдық дамуын паш ететін даңқ музейі ашылады. Бұл спорт саласына арналған алғашқы рухани орда болмақ.

Бүгінде жаңа музейдің қорында 500-ге жуық жәдігер жинақталған. Олардың қатарында Кеңес дәуірінде аймақ спортшылары қолданған құралдар, естелік фотосуреттер, медальдер мен кубоктар бар. Сала мамандары экспонаттарды жинақтауға быр жылдық уақытын кетірген.

Музей қорында құнды жәдігерлер де баршылық. Ең құндысы - әлемге танымал қазақ балуаны Қажымұқан Мұңайтпасовтың кір тасы. 37 келілік құралды әйгілі спортшы Баянауылда болғанда дзюдодан спорт шебері Зейнолла Сыздықовқа сыйға тартыпты. Бұл кір тасы 40 жыл бойы Сыздықовтар әулетінің шаңырағында сақталған. Бүгін ардагер спортшының балалары экспонатты музей қорына тапсырды.

 муз3.PNG


Әкем «Бұл Қажымұқаннан қалған тас» деп жиі айтатын. Отбасымызда ондаған жылдар бойы сақталды. Осы жылы жәдігерді музейге тапсыруды шештік. Жастар қазақ батыры туралы біліп, күрес туралы білуі керек. Музейде әкеміздің еңбек жолына арналған экспозиция бар. Біз оның жеке заттарын, құжаттарын қорға тапсырдық, - дейді Жанат Зейнолла.

 муз2.PNG

Музей жұмысын ұйымдастыруға аймақтағы мамандандырылған спорт мектептерінің ұжымдары атсалысқан. Олимпиадалық резервтің мамандандырылған мектеп интернаты директорының орынбасары Марал Ахметованың айтуынша, музей 18 олимпиадалық спорт түріне арналған. Алдағы уақытта аймақтың футболы туралы сыр шертетін бөлімше де жасақталады.

 муз1.PNG

Қорымызда өткен ғасырдың 50-ші, 60-шы жылдары қолданыста болған спорттық құралдар сақталған. Мәселен, жарты жыл бұрын спортшыларымыз жатыққан классикалық шаңғы роллері бар. Сонымен қатар, «Турист», «Быстрица» маркалы бірнеше сирек шаңғылар бір экспозицияға топтастырылған. Ағаш шаңғылардың бамбук таяқшалары мен темір бекітікштері бар. Оларды қарт спортшылардан сұрап алдық. Жалпы, қысқы спорт түрлеріне қатысты жәдігерлер аз емес, - дейді Марал Ахметова.

 Спорттық музей қала тұрғындары мен қонақтары үшін тегін жұмыс істейді.

 

 



Фото: автордан
Загрузка...