2025 жылға қарай Павлодарда сапалы жол көрсеткіші 95%-ға жетеді

15 Мамыр 2020, 16:01
1579
Бөлісу:
2025 жылға қарай Павлодарда сапалы жол көрсеткіші 95%-ға жетеді
Фото: автордан

Павлодар облысы, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңіріндегі жақсы жағдайдағы жолдардың көлемін арттыру көзделген. 2025 жылға қарай бұл көрсеткіш 95%-ға жетеді деп күтілуде. 

Биылғы жылы облыста 180 шақырымдық жолда асфальт төселеді. Басымдық бұрын-соңды асфальт болмаған жолдарға берілмек. Облыс орталығындағы 60 көшенің 50 шақырымында сапалы жолдар пайда болмақ.   

Бұған дейін топырақ төселген жолдарға сапалы инфрақұрылым тартуға 1,2 млрд теңге жұмсалады. Жол сапасын арнайы зертхана мамандары тексереді. Бұл тұрғыда жол жабындысының тұрақтылығы басты назарда болмақ. Тас жолдардың сапасы тұрғындардың көңілінен шықпаса, жергілікті билік өкілдеріне хабарласа алады.   

Мәселен, "Ertis – adaldyq alańy" жобалық кеңсесінің өкілдері жол активтері сапасының ұлттық орталығы облыстық филиалы мамандарымен бірлесіп, Екібастұз қаласы маңындағы жолдың сапасын тексерді.   

Павлодар облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі басшысының бірінші орынбасары Ардақ Балғожиннің айтуынша, екі жыл бұрын "Басқамыс-1-МАЭС" жолының учаскесін орташа жөндеуге 267 млн теңге жұмсалған.   

Жол учаскесі 20 шақырымға созылады. Мердігер ұйым кепілдік міндеттемелерін орындағанда олқылықтарға жол береді. Осылайша, жөндеуге екі жыл қатарынан қомақты қаражат бөлінеді. Десе де, ақаулар анықталды. Мамандар тұрғындардың өтінішімен асфальт жабындысының сынамаларын алды. Нәтижелері келесі аптада белгілі болады, - дейді Ардақ Балғожин.   

Жауапты мекеме мамандары мәселені бақылауға алуға уәде берді. Ал мердігер ұйымның айтар өз уәжі бар.   

2018 жылы 20 шақырымдық жолдың асфальті сүріліп, жаңасы төселді. Жолдың жабындысы сапасыз, оған қоса жүк көліктері жүреді. Сондықтан, асфальт ескіре береді. Жақын маңдағы екі кеніштен жүк тасымалданады. Ал жол 40 тонналық көліктерге шақталмаған. Жол бойынша тек 10 тонналық машиналарға жүруге рұқсат. Жолға күрделі жөндеу керек. Өзімізге міндеттелген жауапкершілікті орындадық, - дейді мердігер ұйым өкілі Виталий Рогожин.   

Айта кетейік, жол сапасына қатысты өтініштерді "Сапалы жол" жобалық кеңсесіне хабарласа алады. Осы жылдың басынан бері мониторингтік топ төрт тексеріс жүргізіп, тиісті шараларды қолға алды.    

Өзгелердің жаңалығы