Бас жаңалықтар
Павлодарда санитариялық жағдайы талапқа сай келмейтін нысандар тексерілді
23 Сәуiр 2019, 12:05 393

Павлодарда санитариялық жағдайы талапқа сай келмейтін нысандар тексерілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Облыс орталығында кейбір шағын және орта бизнес объектілерінің аумағындағы санитариялық жағдай талапқа сәйкес келмейді. Бұл туралы қалалық мәслихат депутаттары, жергілікті полиция қызметі, архитектура және қала құрылысы бөлімінің мамандары облыс орталығындағы бірқатар сауда орындарын аралау кезінде анықталды. Бұл туралы pavlodarnews.kz сайты хабарлайды.

Рейд барысында мониторинг топ мүшелері «Счастье» сауда үйінің бойында орналасқан «Эллада» дыбыс жазу студиясы, «Эврика» кітап дүкенінің сыртқы келбетіне қатысты шағым білдірді. Қалалық архитектура және қала құрылысы бөлімінің бас маманы Кирилл Евремовтың айтуынша, аталмыш нысан иелеріне бір апта бұрын ауызша ескерту жасалған. Бірақ осы уақыт аралығында нысан келбетін қалыпқа келтіру бағытында ешбір жұмыс жүргізілмеген. Сыртына түрлі-түсті жарнама ілінген нысандардың шыны сөрелері жуылмай, қабырғасы қираған.

«Қала орталығында орналасқан сауда орындарының мұндай сұрықсыз бейнесі шаһар келбетін бұзып тұр. Бұған дейін нысан иелеріне ауызша түрде ескерту жасасақ та, ретке келтірілмеген. Бұған дейін шыны сөренің сыртқы және ішкі бетінде ілінген жарнама үшін салық төленбейтін. Ал қазіргі заң бойынша нысанның сыртына орнатылған жарнама үшін нысан иесі салық төлеуі тиіс. Ол үшін олар саудаға шығаратын затқа қатысты сыртқа ілінетін жарнаманың бейнесін біздің бөліммен ақылдасып, келісуі керек. Оған төленетін салық мөлшері жарнаманың көлеміне байланысты. Жоғарыдағы ескертпеге құлақ аспағандарға хаттама толтырамыз», - дейді Кирилл Евремов.

Сонымен қатар, мониторинг топ мүшелері Малайсары көшесі, 21 үй мекенжайында орналасқан «Сибирь» дүкеніне барды. Аталмыш орынның да сыртқы келбетінде түрлі-түсті жарнама ілініп, нысанның жанында жүргізіліп жатқан құрылыс аяқталмаған.

Рейд барысында мамандар «Эврика» кітап дүкенінің иесіне жаңа заңның талаптарын түсіндіріп, дүкен келбетін ретке келтіруді тапсырды. Ал басқа нысандардың иелерімен кездесу мүмкін болмады.

Атап өтерлігі, жыл басынан бері 220-ға жуық нысан иесі сыртқы жарнамаға заң жүзінде рұқсат алған. Олардың қатарында «Технодом», «Сулпак» сынды ірі сауда орындары бар.


Фото: дереккөз

Сізден жаңалық