Павлодарда республикалық Құран жарысына іріктеу сайысы өтті

4 Сәуір 2019, 12:22
2128
Бөлісу:
Павлодарда республикалық Құран жарысына іріктеу сайысы өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Павлодар қалалық орталық Мәшһүр Жүсіп мешітінде ҚМДБ-ның Құран Кәрімді жатқа және мәнерлер оқу бойынша VIIІ республикалық Құран жарысына Павлодар облысы бойынша іріктеу сайысы жүргізілді. Бұл туралы pavlodarnews.kz сайты хабарлайды.

Мәшһүр Жүсіп мешіті баспасөз қызметінің хатшысы Амантай Тойшыбайұлының айтуынша, сайысты Мәшһүр Жүсіп мешітінің наиб имамы Қабаев Қанат ашып, қатысушыларға қысқа ақыл-кеңестер бере келе, табыс тіледі. Келесі кезекте қатысушыларды арнайы бекітілген әділқазылар алқасы сарапқа салды. Сайысқа облысқа қарасты 12 ауданнан 25 үміткер қатысты.

«Қазылар алқасының шешімімен осы жылы өтетін VIIІ республикалық Құран жарысына Павлодар облысының атынан 30 пара бойынша бірінші орынды Манас Жұмалинов, 20 пара бойынша Арслан Арынғазинов, 10 пара бойынша Абдулкарим Жамшыбай иеленді», - дейді Амантай Тойшыбайұлы.

Мәнерлеп оқу номинациясы бойынша бірінші орынды қалалық «Ақмешіт» мешітінің атынан қатысқан Нұрислам Ақбас қанжығасына байласа, екінші, үшінші орындарды Мәшһүр Жүсіп мешітінің шәкірті Ералы Нұғұман және «Әбу Бәкір Сыддық» мешітінің шәкірті Азамат Смахан иеленді.

Облыстық іріктеу сайысында үздік шыққан үміткерлерге алғысын білдірген қазылар алқасы оларға алда болатын республикалық сайыста жоғары нәтиже көрсететініне сенім білдірді. Сайысқа қатысқан барлық үміткерлер өкіл имамның Алғыс хатымен марапатталды.

 

Өзгелердің жаңалығы