Павлодарда полицей өлі күйінде табылды

20 Қыркүйек 2019, 10:44
1949
Бөлісу:
Павлодарда полицей өлі күйінде табылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Павлодарда полицей өлі табылды. Бұл туралы Tengrinews.kz. сайты хабарлады.

Ер адамның денесін Павлодардағы көпқабатты үйлердің қасындағы гараждан тапқан. Қаза тапқан ер адам - 34 жастағы Павлодар ауданы полиция бөлімі басшысының орынбасары Руслан Оспанов. Қазір Русланның қазасына байланысты істі полиция тексеріп жатыр.

«Аталған іс бойынша тексеріс жүріп жатыр. Қажетті сараптамалар тағайындалды», - деді Павлодар облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінде. 

Қосымша ақпарат болып жатса хабарлайтындарын айтты.

Ал Русланның туыстары болса оны өзіне қол жұмсауға итермелеген болуы мүмкін дегенді жоққа шығармайды.

«Соңғы кезде Русланның тергеу жөніндегі полиция департаментінің басшысына көңілі толмай жүрді. Жұмыс істеуге мүмкіндік бермей жүргенін айтқан еді»,- деді Русланның ағасы Абылқасым Оспанов.

«Руслан ақкөңіл, елгезек жігіт болды. Өзінің жұмысын жақсы көретін. Жұмысының ауырлығына қарамастан, күнделікті асығып баратын. Біз бірнеше рет жұмыстан шығуын айтқан едік. Бірақ ол бізді тыңдағысы да келмейтін. Оны жақын біле тұра мұндай қадамға бармайтынын білеміз. Оны осындай әрекетке итермелеген. Біз істің жетік тексеріліп, кінәлілер жазасын алуын талап етеміз», -деді ағасы.

Майор Оспанов полиция қатарында 12 жыл қызмет еткен. Әріптестері мен үзеңгілес жолдастары оның бұл өмірде жоқ екеніне әлі де сене алар емес. Оның артында бір баласы мен аяғы ауыр келіншегі қалды. Желтоқсан айында ол 35 жасқа толар еді. 

Өзгелердің жаңалығы