Павлодарда өзен арқылы Ресейге тасымалданатын жүк көлемі 30%-ға артады

26 Сәуір 2019, 21:28
2246
Бөлісу:
Павлодарда өзен арқылы Ресейге тасымалданатын жүк көлемі 30%-ға артады
Фото: автордан

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінің өзеншілері жаңа маусымға қызу дайындалып жатыр. Қыс бойы флоттың техникасын жөндеп, жұмысын реттеп қойған. Биылғы навигация барысында Павлодар облысынан су жолы арқылы Ресей еліне тасымалданатын жүк көлемін 30% арттырады.

Павлодар өзен порты басқарма төрағасының орынбасары Нұрлан Күлжанның хабарлауынша, өткен жылғы кеме жүзу маусымы табысты аяқталды. 2018 жылдың қорытындысы бойынша қиыршықтасты 64 мың тоннасы және техникалық тұздың 15 мыңнан астам тоннасы көрші мемлекетке тасымалданды.

Былтыр өзен порты босатылатын тауарлардың жүк легін арттыру үшін фронталды тиегіш сатып алып, өндірістік ғимараттарда жөндеу жүргізді. Қозғалмалы құрамды модернизациялау жұмыстары жалғасын табуда. Мәселен, басты жүзгіш кранның двигателі экологиялық және эономикалық тұрғыдан тиімді аграгатпен алмастырылды. Нәтижесінде арнаны тазартып, құм алу жұмыстарының көлемі артты.

«Ресей елінде Павлодар жерінен алынған қиыршықтас, құрылыс құмы мен техникалық тұз жоғары сұранысқа ие. Ал өңірімізге ағаш материалдары қажет. Осы жылы да бұл бағыттағы жұмыс жалғасын табады. Ресейге техникалық тұздың 10 тоннасын жеткізбекпіз. Бастапқы кезеңде 500 мың тоннадай қиыршықтас та апармақпыз. Ал көрші елден Сібір ағашы әкелінеді», - дейді Нұрлан Күлжан.

Мамандардың айтуынша, Ертіс арқылы тауар тасымалдау экономикалық тұрғыдан әлдеқайда тиімді, себебі су жолы арзандау. Өзен арқылы теңіз жолына шығуға да мүмкіндік бар. Бүгінде бұл мәселе халықаралық деңгейде шешіліп жатыр.

Жергілікті өзен порты флот учаскесінің бастығы Виталий Крупеничнің айтуынша, Ертіс өзенінен Обь шығанағына шығуға мүмкіндік зор.

«Ресей мен Қазақстан арасындағы үкіметаралық келісім аясында кеме қозғалысына Ертіс бассейні арқылы ғана рұқсат бар. Түйіні тарқатылса, өзеннің әлеуеті артады. қазіргі уақытта Ертіс су жолы арқылы жүк тасымалдауға Қытай тарабы қызығушылық танытуда», - дейді флот бастығы.

Бүгінде кәсіпорында 67 білікті маман еңбек етеді. Жастарды ңқарасы қалың болғанмен, зейнет жасыға тақаған мамандар да баршылық. Кадр тапшылығын шешу мақсатында Семей көлік коллджінен мамандар шақырылмақ. Олар үшін 10 орындық жатақхана салынып жатыр.

Өзгелердің жаңалығы