Павлодарда мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы екі айға қамалды

25 Ақпан 2019, 13:36
1813
Бөлісу:
Павлодарда мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы екі айға қамалды

Павлодар. BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінің бас салықшысы міндетін атқарушы Қуат Белгібаев пара алды деген күдікпен қамауға алынды. Сонымен қатар, аталған мемлекеттік мекеменің басқарма басшысы Мұрат Жанғазин үйқамаққа алынды.

Облыстық соттың баспасөз хатшысы Әнел Құсанованың хабарлауынша, мамандарға қатысты екі ай мерзімға үйқамақ санкцияланды.

«Павлодар қалалық мамандандырылған тергеу сотымен облыстық прокуратурасы тарапынан қолдау тапқан қылмыстық қудалау органының өтінішхаты бойынша өңір бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басшысының міндетін атқарушы Қуат Белгібаевқа қатысты екі ай мерзімге күзетпен ұстау, сонымен қатар, аталған мекеменің басқарма басшысы Мұрат Жанғазинға қатысты екі ай мерзімге үйқамаққа алу санкцияланды», - дейді Әнел Құсанова.

Ұстап алуға және бұлтартпау шарасын таңдауға ҚР Қылмыстық кодексінің 366-бабы 3-бөлігінің 1-2 тармақтары негіз болды. Осы бап бойынша айыпталушының мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, параның 60 еселенгеннен 70 еселенгенге дейінгі сомасы мөлшерінде айыппұл салуға, не жеті жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Қуат Белгібаев 1977 жылы туған, үш бала тәрбиелеп отыр. Мемлекеттік кірістер саласында 2000 жылдан бері еңбек етуда. Ал облыстық департаментте соңғы бір жыл жұмыс істеген.

Ақмаржан Әділбек

Фото автордікі

Өзгелердің жаңалығы