Павлодарда қоғамдық музей ашылады

22 Ақпан 2021, 17:04
1686
Бөлісу:
Павлодарда қоғамдық музей ашылады
Фото: автордан

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінде алғашқы қоғамдық музей ашылуы мүмкін. Ауқымды жұмысқа Павлодар география үйінің белсенділері мұрындық болды. Музей қорын жергілікті саяхатшылардың алыс-жақын шетелден әкелген жәдігерлері толықтыруда. 

Соңғы бірнеше жыл ішінде саяхатшылар бір музейге жететін экспонаттарды жинақтап үлгерді. Сирек заттардың барлығы Павлодар география үйінің кеңсесінде жинақталған. Қазір олардың саны қанша екені белгісіз. Алдағы уақытта жүйлендіру жұмысы басталмақ. 

Павлодарда қоғамдық музей ашылады

География үйінің директоры Александр Вервекиннің айтуынша, келешекте бірнеше коллекция жүйеге келтіріледі. 

Павлодарда қоғамдық музей ашылады

Қорымыздағы геологиялық, этнографиялық, палеонтологиялық коллекцияларды бір жүйеге келтіреміз. Жәдігерлерді жүздеп санауға болады. Олардың қатарында әлемді аралаған туристер әкелген заттар жетерлік. Сонымен қатар облыста жүргізілген экспедицияларда табылған жәдігерлеріміз бар. Жәдігерлерді музейге айналдыру мақсатында жергілікті мұражай мамандарының кеңесіне жүгінбекпіз, - дейді Александр Вервекин.

Нумизматикалық заттар тұтас бір коллекцияға айналып үлгерді. Қоғамдық ұйым өкілдері ақша үлгілері арқылы мемлекеттердің мәдениеті мен географиясы туралы павлодарлықтарға кеңінен мағлұмат беруді көздейді.   

Арнайы жасақталған экспозиция құрамында Азия аумағындағы 21 елдің 60-тан астам ақша үлгісі көрсетілген. 

Павлодарда қоғамдық музей ашылады

Таиландтан әкелінген баттар, түркиялық лиралар, вьетнамдық донги, қытайлық фендер, цзяо және юаньдар, комбоджалық риелилер. Сонымен қатар қырғыздың сомдары, тәжіктің сомонилері, өзбектің сумдары, моңғолдың төгрөгі де жұртшылық назарына ұсынылады, - дейді белсенділер. 

Айта кетейік, география үйінің жанынан аймақтағы алғашқы қоғамдық-географиялық кітапхана ашылған. Оның қорында төрт мыңнан астам кітап пен газет-журналдар бар.

Өзгелердің жаңалығы