Павлодарда екі жатақхана құрылысы қарқынды жүруде

14 Маусым 2019, 20:47
1429
Бөлісу:
Павлодарда екі жатақхана құрылысы қарқынды жүруде

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Павлодар облысында үш білім беру нысанының құрылысы межелеген мерзімнен бұрын тапсырылуы мүмкін, деп жазады pavlodarnews.kz.

«Бұл Ақсу мен Павлодардағы колледждердің екі жатақханасы және Екібастұз қаласындағы өңірарлық оқу орталығы. Орталықтың құрылысы 10 жыл бойы салынып келеді. Бірақ биылғы жылы бұл нысанды аяқтап, ERG компаниясына тапсырамыз. Бюджет шығындалмайды. Аталмыш орталықта 480 орындық жатақхана мен 100 орындық қонақ үй бар екені белгілі. Сол жерде жаңа білім беру үрдісі бойынша мамандар дайындалады. Облыста 25 мың бос жұмыс орны тіркелген. Оның ішінде 10 мыңы - тұрақты жұмыс орны. Сондықтан кадр мәселесі өткір тұр», - деді облыс әкімі Болат Бақауов облыстық мәслихаттың сессиясында.

Өңірлік экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Мақсат Тұрлыбаевтың айтуынша, Павлодар көлік және коммуникация колледжі мен Ақсу қара түсті металлургия колледжінің жатақханаларына, сондай-ақ, Екібастұз қаласындағы өңіраралық оқу орталығының құрылысын жалғастыруға 1,6 млрд теңге бөлінген.

Мемлекеттік бағдарламаны іске асыру бойынша Ақсу, Павлодар қалалары мен Баянауыл ауданында мектептерге оқулық сатып алу үшін қосымша 134 млн теңге қарастырылған.

Ақсу қаласы әкімдігінің ақпаратына сүйенсек, Жастар жылы аясында Ақсу қара түсті металлургия колледжінде 200 орындық жатақхананың құрылысы биылғы жыл сәуір айында басталған. Жобалаушы және мердігерлік ұйым - «Строй Связь Компани» ЖШС. Бүгінгі таңда жертөле мен бірінші қабаты тұрғызылған.



Өзгелердің жаңалығы