Павлодарда білім беру мекемелері күрделі жөндеуден өтуде

5 Тамыз 2020, 12:05
1380
Бөлісу:
Павлодарда білім беру мекемелері күрделі жөндеуден өтуде
Фото: автордан

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Жаңа оқу жылында Павлодар қаласының мектептеріне бірінші сыныпқа алты мың бала қабылданады деп күтілуде. Қазіргі уақытта дайындық жұмыстары қызу.

Қазіргі уақытта облыс орталығындағы 13 білім беру нысаны жөнделіп жатыр. Сала мамандарының айтуынша, басымдық жылдар бойы жөндеу көрмеген мектептер мен балабақшаларға берілген. Бүгінгі күнге дейін төрт ғимараттың күрделі жөндеуі аяқталды.

Күрделі жөндеу көрмеген нысандардың қатарында №34 мектеп бар. Бүгінде ғимараттың электр желілері толық ауыстырылып, жылу жүйесі жаңартылған. Нақтырақ айтқанда, жылу батареялары жуылып, жиналып қалған қоқыстардан тазартылды. Сонымен қатар, ескі терезелер пластикалық әйнектерге алмастырылды.

Мектеп директоры Болат Айғожиннің айтуынша, осындай ауқымды жөндеу жұмыстары алғаш рет өткізіліп жатыр.

Қабырғалар мен төбені тегістеу, қасбетті сырлау сияқты жұмыстар қолға алынды. Жөндеу жұмыстары мамыр айында басталған болатын. Дегенмен, карантин режиміне байланысты жұмыстар біраз тоқтап қалды. Сол себепті нысандағы жұмыстарды аяқтау мерзімі тамыз айының соңына дейін шегірілді. Негізгі жұмыстар толық аяқталып қалды. Енді қабырғаларды сырлап, есіктерді орнату керек. Бұл мектеп 1973 жылы салынған. Сондықтан жөндеу жұмыстары қажет еді, - дейді Болат Айғожин.

Мектеп 1500 балаға шақталған. Қазіргі уақытта білім беру үрдісін қашықтан жүргізуге дайындық жүргізілуде. Сонымен қатар, "Мектепке жол" республикалық акциясы шеңберінде 70 оқушыға материалдық көмек көрсетілмек.

Павлодар қалалық білім беру бөлімі басшысының орынбасары Қуаныш Қыдыралиннің мәліметінше, биыл бірінші сыныпқа 6 мың ұл-қыз қабылданады деп күтілуде. Облыс орталығындағы мектептердің үш мыңнан астам мұғалімі тиісті курстардан өтті.

Бүгінде компьютерлік техникасы жоқ балаларды қамту мәселесін қарастырып жатырмыз. Былтырғы жылы тоғыз мың балаға компьютер қажет етілсе, бүгінде көрсеткіш төрт мыңға төмендеді. Олардың барлығын қаматамасыз етуді көздеп отырмыз. Былтыр оқушылар саны 45 мың бала болса, биыл тағы 5-6 мыңға артады, - дейді Қуаныш Қыдыралин.

Айта кетейік, 13 білім беру нысаны "Жұмыспен қамтудың жол картасы" бағдарламасы шеңберінде жөнделуде. Оған 800 млн теңгеден астам қаржы бөлінген. Сәйкесінше 400-ге жуық азамат уақытша жұмыспен қамтылды.

Өзгелердің жаңалығы