Бас жаңалықтар
Павлодарда «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығы ашылды
13 Ақпан 2019, 13:39 889

Павлодарда «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығы ашылды

Павлодар. BAQ.KZ тілшісі. Облыс орталығында «Нұр Отан» партиясының «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы шеңберінде «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығы жұмысын бастады.

«Достық үйі» жанынан ашылған орталықта онға жуық бөлімше бар. Ең бастысы - ардагерлердің денсаулығын жақсартуға қолдау білдіріп, ұзақ өмір сүруге үйрету. Атап айтқанда, қазыналы қариялар спортпен шұғылданумен қатар, орталық мамандарынан психологиялық және құқықтық көмек ала алады. Сонымен қатар, лингивистикалық бөлімде тіл меңгеру, ал компьютерлік бөлімде ғаламтордың игіліктерін білу мүмкіндігіне ие.

ҚХА облыстық филиалы төрағасының орынбасары Сейсембай Жетпісбаевтың айтуынша, ата-әжелерге арналған спорттық бағдарламаларды кәсіби мамандар әзірлеген.


«Достық үйінің» жұмысына белсенді араласатын қарттарымыз өте көп. Енді «Ұзақ өмір сүру» орталығы ашылды. Бұл жобамыз табысты жүзеге асырылады деген ойдамын. Егде жастағы азаматтарымыз бос уақыттарында осында келіп тоғызқұмалақ, дойбы, шахмат ойнай алады. Белсенді спорт түрлерімен айналысуға да қолайлы жағдайлар жасалған. Тіпті, йога бөлімі де бар», - дейді Сейсембай Қалижанұлы.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының зерттеулеріне сүйенсек, зейнеткерлерді салауатты өмір сүруге тарту - өмір сүру сапасы мен ұзақтығын қамтамасыз етудің тиімді құралы. «Белсенді өмір сүру» көпфункционалды орталығы 2018-2020 жылдарға арналған.

Айта кетейік, Павлодар облысы халқының орташа өмір сүру ұзақтығы - 73 жас. Соңғы екі жылда екі жасқа ұзарды.

 

Ақмаржан Әділбек

Фото: автордікі

Сізден жаңалық