Бас жаңалықтар
Павлодарда "Бақытты отбасы" бағдарламасымен 95 отбасы баспаналы болды
19 Қараша 2019, 23:27 332

Павлодарда "Бақытты отбасы" бағдарламасымен 95 отбасы баспаналы болды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Аталмыш бағдарлама аясында бірінші кезекте мүгедек балалары бар немесе мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар мен көпбалалы және толық емес отбасылар баспана алады, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Павлодар қаласы қаржы бөлімінің басшысы Ақерке Еламанованың мәлімдеуінше, биылғы жылы Елбасының бастамасы бойынша 2% жеңілдік ставкасымен және 10% бастапқы жарнасымен "Бақытты отбасы" бағдарламасы іске қосылды.

Баспанаға қол жеткізгісі келетін жандардың төлем қабілеттілігін бағалаудан өткізу үшін "Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" АҚ-ға 348 жолдама жіберген.

Оның ішінде банк 162 өтінімнен әртүрлі себептер бойынша бас тартты. Ал 186 өтінім қабылданды. Оның ішінде биылғы жылдың 29 қарашасындағы жағдай бойынша 175 өтінім мақұлданды. Атап айтқанда, бұл 95 отбасының ішінде көп балалы отбасылар саны - 18, толық емес отбасылар – 60 және 17 мүгедек балалары бар немесе тәрбиелеп отырған отбасылар екінші дәрежелі тұрғын үйлерден пәтер сатып алды, - дейді Ақерке Еламанова.

Қаржы бөлімінің басшысы 80 өтініш беруші әлі де пәтер іздеу үстінде екенін атап өтті. Банк сатып алуға баспана табу үшін 3 ай уақыт береді.

"Бақытты отбасы" бағдарламасы бойынша тұрғын үйге қол жеткізгендердің бірі - 6 бала тәрбиелеп отырған Жанар Қарашашева. Оның төртеуі өзінікі болса, екеуі асырап алған.

Бізде бұған дейін өз баспанамыз болған жоқ. Бағдарлама өте жақсы, басқаша біз пәтер сатып ала алмас едік. Жаңа пәтерімізде бір жарым ай өмір сүрудеміз. Балалар риза, пәтер кең, аумағы - 67 шаршы метр. Алты балалы отбасы үшін бұл шағын, бірақ біз өте қуаныштымыз. Жұбайым екеуіміз де жұмыс істегендіктен бағасы қолжетімді деп ойлаймын. 19 жыл айына 53303 теңгеден бөліп төлейміз. Бірақ ертерек, кем дегенде он жыл ішінде толық жабуға тырысатын боламыз, - дейді Жанар Қарашашева.

Бұрын жалдамалы пәтерде тұрып жүрген отбасының ең кішкентай баласы - екіде, үлкені - 22 жаста. Жұбайы - құрылысшы, ал Жанар Қарашашеваның өзі - "Самал" оңалту орталығында педагог. Ол бұл мамандық өзіне жақын екенін, өйткені өз балаларының денсаулығында біраз қиындықтар бар екенін айтады.

Бар жинаған қаржымызға үй салдық. Бірақ ол кішкентай болды. Біз оны сатып, тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне салдық. Сол арқылы бастапқы жарнаға қол жеткіздік. Пәтер 11,5 млн теңге тұрды. Бағдарлама бойынша біз пәтерді 10 млн теңгеге алу керек болдық. Үй иесіне 1,5 млн теңге қаражат беріп, осы тұрғын үйге қол жеткіздік, - дейді көп балалы ана.

Айта кетейік, қазіргі уақытта банк бағдарлама бойынша барлық өтінімді қабылдады. Ал жаңа құжаттарды қабылдау тоқтатылды.


Фото: дереккөз
Загрузка...