Бас жаңалықтар
Павлодарда қаражат тапшылығынан қоқыс сұрыптау цехі тоқтап тұр
26 Қаңтар 2019, 11:15 1246

Павлодарда қаражат тапшылығынан қоқыс сұрыптау цехі тоқтап тұр

Астана, BAQ.KZ. Кәсіпорынның тұралап тұруы салдарынан «Спецмашин» ЖШС жұмыскерлері қоқысты полигоннан қолмен жинап сұрыптауға мәжбүр. Бұл туралы pavlodarnews.kz сайты хабарлайды.

«Спецмашин» ЖШС учаске бастығы Александр Поповтың айтуынша, былтырғы жылы қоқысты сұрыптау цехіне қажет ғимаратты сатып алып, жөндеу жасағанымен, артынша қаражат жетіспеуінен кәсіпорындағы жұмысты бастамай жатып тоқтатуға тура келген.

«Цехті өз қаражатымызға шамамен алты миллион теңгеге сатып алдық. Алайда қаражат жетіспеуінен өндірісті тоқтатуға тура келді. Цехті іске қосу үшін бізге ақша керек. Цех іске қосылған жағдайда сұрыпталатын қоқыстың түрлерін көбейтуге болады» , - дейді Александр Попов.

Коммуналшылардың сөзіне қарағанда, сұрыптау цехі қосылса, қалада орналасқан қоқысты сұрыптау жәшіктерінің қажеттілігі болмайды – барлық қоқыс цехте сұрыпталатын болады. Жәшіктер экологияны сақтау мен қоқысты қайта өңдеу мәселесін шеше алмайды. Тұрғындардың менталитеті әлі қалыптаспаған дейді олар.

Дегенмен, «Спецмашин» ЖШС жұмыскерінің күшімен қоқысты сұрыптау ісі біртіндеп алға жылжуда. Александр Поповтың айтуынша, бүгінде қаладан әкеліп тасталатын қоқыстың небары 10 пайызы сұрыпталуда.

«Қазіргі кезде қоқыстың төрт түрі – пластик, қағаз, алюминий банкілер мен металлоломды сұрыптаудамыз. Пластиктің өзінен ПЭТ шөлмектер, целлофан, шөлмектер қақпақтары мен полипропиленді таңдап алып, одан пластикалық гранула жасалады. Сапасы төмен қалдықтардан полимер-құм плиткаларын өндіреміз», - дейді ол.

«Спецмашин» ЖШС өкілінің айтуынша, сұрыпталған қоқыс шикізат ретінде сатылады. Мәселен, резина шиналар Талдықорғанға тасымалданса, алюминийі банкілері – Ресейге саудаланады. Қағаз жергілікті картон-рубероид зауытына өткізіледі.

Қазіргі кезде қаламызда 60 жыл бұрын ұйымдастырылған қоқыс полигонында шамамен 18 миллион тонна қоқыс жатыр.

Загрузка...

Сізден жаңалық