Бас жаңалықтар
Павлодардағы коммуналдық апаттың себебі анықталуда
02 Наурыз 2019, 09:55 270

Павлодардағы коммуналдық апаттың себебі анықталуда

Павлодар. BAQ.KZ тілшісі. Павлодарда болған ірі коммуналдық апаттың нақты себебі анықалған жоқ. Мамандардың болжамынша, оқыс жағдайдың екі себебі бар. Біріншісі – су тарату жүйелеріндегі ақау. Екіншісі – жерасты суларының көтерілуі.

Еске салсақ, таңғы уақытта орын алған апат салдарынан 30-дан астам көпқабатты үй мен бірнеше әлеуметтік нысан судан ажыратылды.

Павлодар қалалық тұрғын үй инспекциясының сектор меңгерушісі Нұрлан Рашитовтың айтуынша, теміржол ауданында соңғы бірнеше жыл бойы жерасты сулары көтеріле берген.

«Су осындай деңгейге көтерілуі бұрын-соңды болмаған. Бүгінде 10-нан астам үйдің жертөлесіне су кірді. Қазіргі уақытта апатты бригадалар апат ошағын анықтап жатыр. Біздің болжамымызша, су құбыры жарылған. «Павлодар су арнасы», «Павлодар су желілері» кәсіпорындарының техника құралдары мен мамандары тартылған. Айта кетерлігі, су беру жұмысы ретке келтіріліп жатыр. Тұрғындар сусыз қалмайды. Ал су басқан аумақтарда деңгейі төмендей бастады», - дейді инспекцияның сектор меңгерушісі Нұрлан Рашитов.


Мол судан зардап шегіп отырғандардың қатарында Павлодар ақпараттық технологиялар және бизнес колледжі бар. Өткен ғасырдың 60-шы жылдары салынған мекеменің іргесі сөгіле бастаған. Колледж аумағына су жиналып, ішін сыз басқан. Салдарынан, бүгін 400 студент үшін сабақтар тоқтатылды.

«Төтенше жағдайлар қызметі, жергілікті әкімдік мамандары колледжге келіп, жағдаймен танысты. Су бірнеше күн бұрын көтерілген. Бірінші қабатқа дейін жеткендіктен, шелектеп сыртқа шығардық. Мамандар жерасты сулары көтеріліп жатыр дейді. Енді бірінші қабаттағы кабинеттердің едені шіріп жатыр. Бармаған жеріміз қалмады. Мәселе шешімін табар емес», - дейді колледж өкілі Гүлсім Қазбекова.

Айта кетейік, апат салдарын жою мақсатында 40-тан астам техника бірлігі жұмылдырылған. Павлодар қаласы әкіміні орынбасары Ермұрат Нұрхановтың айтуынша, оқыс жағдай орын алған аумақта иесіз қалған желі көмілген. Кезінде есептен шығарылып, істен шығарылған. Мамандар апаттың болуына осы желі түркі болуы мүмкін деген болжам да айтуда.


Фото: автордан

Сізден жаңалық