Павлодарда 52 мың тұрғынның жалақысы 30% артады

1 Наурыз 2019, 19:08
1759
Бөлісу:
Павлодарда 52 мың тұрғынның жалақысы 30% артады

Астана, BAQ.KZ. «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалында партияның XVIII съезі қорытындылары бойынша облыс активінің отырысы өтті, деп жазады pavlodarnews.kz.

Партияның облыстық филиал төрағасы, облыс әкімі Болат Бақауов атап өткендей, Мемлекет басшысы елдің экономикалық өсімін халықтың әл-ауқатының арттыруға бағыттауды тапсырды.

«Бүгін ауқымды әлеуметтік инвестициялар заманы. Осы мақсатқа Ұлттық қор мен республикалық бюджеттен екі триллион теңгеден астам қаражат бөлінеді. Бұл сома әлеуметтік бастамалардың үш үлкен тобын жүзеге асыруға бағытталмақ», - дейді Болат Бақауов.

Болат Бақауов атап өткендей, 1 шілдеден бастап 52 мың павлодарлықтың жалақысы 30 пайызға дейін өсіріледі. Олардың барлығы бюджеттік салада төмен жалақылы позицияларда еңбек етеді. Осы бағытқа биыл алты миллиард теңге, ал келесі жылы 12 миллиарда теңге бөлінеді. Сонымен бірге, 2,5 мың төменгі санаттағы мемлекеттік қызметшілердің жалақысы орта есеппен 25 пайызға артады.

«Мемлекет басшысы аз қамтылған және көпбалалы отбасыларды қолдауға ерекше көңіл бөлген. Облыс бойынша 348 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алуда. Ендігі уақытта аталған көмек берудің көлемі ғана емес, оларды тағайындаудың процедуралары оңтайландырылмақ», - дейді Болат Бақауов.

Өңір басшысы атағандай, Президенттің ұсынған әлеуметтік бастамаларын жүзеге асыру аясында тұрғындарды баспанамен қамту және білім беру мен денсаулық сақтау салаларын дамыту қолға алынбақ. Сонымен қатар, облыс тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған өңірлік саясат жүзеге асырылады.

Осы орайда, «Нұр Отан» партиясына қоғамдық қабылдау бөлмелерінің жұмыстарын күшейтіп, сол арқылы тұрғындармен кері байланыстың күшті тетігіне айналу міндеттелуде.

Өңірлік партия ұйымы төрағасының бірінші орынбасары Николай Дычконың айтуынша, 2019 жылдың 18 ақпанынан бастап партия қоғамдық қабылдау бөлмелеріне 400-ден астам тұрғын өтініш білдірген. Олардың үштен бірі оң шешімін тапты.

«Негізінен, олар атаулы әлеуметтік көмек, тұрғылықты тіркеу, мектептердегі тегін тамақтану, қоғамдық көліктегі жолақысы және тағы да басқа мәселелерге қатысты. Күн сайын партия филиалдарына 40-қа жуық адам көмекке жүгінеді. Алайда, Президент айтқандай, шынымен де көмекке зәру адамдарға ғана қол ұшы берілетін болады», - деп айтты Николай Дычко.

Николай Дычконың сөзінше, партия қоғамдық қабылдау бөлмелерінің жұмысы күшейтіледі. Сонымен қатар, партия тұрғындардың мәселелерін шешуге бағытталған «Халыққа көмек» арнайы жобасын іске қосады.

Өзгелердің жаңалығы