Бас жаңалықтар
Павлодарда «Ymai» халықаралық ғылыми-зертханасы ашылды
19 Наурыз 2019, 20:20 805

Павлодарда «Ymai» халықаралық ғылыми-зертханасы ашылды

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің «Margulan Centre» орталығының жанынан «Ymai» ғылыми-зерттеу зертханасы ашылды.

Ғылыми-зерттеу зертханасы «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласында айтылған міндеттерді орындауға бағытталған. Халықаралық зертханаға украиналық археолог-ғалым, көне текстиль бұйымдарының маманы, реставратор Татьяна Крупа жетекшілік етеді.

Татьяна Крупа - Харьков мемлекеттік университеті тарих факультетінің түлегі. Әр жылдары «Херсонес Таврический» ұлттық қорығы экспедициясының археологиялық сәулеттік-археологиялық консервациясы бағдарламасына жетекшілік еткен. Харьков университетінің жанындағы археология және этнография музейінде реставратор болып еңбек етті. Білікті маман - Австрия, Италия, Дания, Армения, Әзербайжан, Өзбекстан, Ресей және Түркіменстанда өткен ғылыми форумдардың тұрақты қатысушысы.

Орталық мамандарының айтуынша, халықаралық зертхананы құру идеясы былтырғы жылы туған. Өткен жылы Татьяна Крупа танымал суретші-реставратор Қрым Алтынбековпен облыстағы Әлиекөл некропліндегі мата үлгілерін зерттеген. Бұл қорымнан 16-шы ғасырда өмір сүрген қолбасшылардың молаларынан бірегей маталар, тиындар мен өзге көне жәдігерлер табылды. Бұл заттар Ертіс өңірінде саяси-сауда орталығы мен дамыған өркениетінің дамуын айғақтайды.

Қазіргі уақытта халықаралық зертханада Екібастұз өңірінен табылған «Бокко» жәдігері реставрацияланып жатыр. Жәдігер бірнеше жыл бұрын табылған.

«Бокко» - әйел адамның көне бас киімі. Оның матасы мұқият консервацияны талап етеді. Сонымен қатар, технологиялық зерттеу жүргізіліп жатыр. Заманауи технологиялардың арқасында бас киімнің бейнесін айна-қатесіз жасауға болады. Алдағы уақытта көшірмесін жасау жоспарда бар. Бұл бас киім қазақ мәдениетіне жақын. Біздің болжамымызша, жәдігер қимақ-қыпшақ кезеңіне тиесілі», - дейді Татьяна Крупа.

Алдағы уақытта ғалымдар тобы облыс аумағынан табылған жәдігерлерді реконструкциялауды жоспарлауда. Сонымен қатар, халықаралық ғылыми серіктестікті дамыту көзделген.

Айта кетейік, бүгінгі күні еліміздің жоғары оқу орындарында ежелгі артефактілерді зерттейтін мамандарды даярлау факультеті жоқ. Бұл олқылықтың орнын халықаралық ғылыми-зертхана толтырмақ. Мұндағы зертханалар жас ғалымдар үшін бірегей алаңға айналмақ.


Фото: автордан
Загрузка...

Сізден жаңалық